Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Вадим Присяжнюк: «Азия боксы қарқынды дамып келеді»  

06 Ақпан, 2019

 Бокстан ҚР әйелдер құрамасы Алматы облысындағы АИБА бүкіләлемдік академиясында 1 мен 18 ақпан аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Екі айдан кейін Тайланд Корольдігінің астанасы Бангкок қаласында Азия чемпионаты басталады. Бас бапкер Вадим Присяжнюк біздің сайтқа сұқбат беріп біраз жайттың бетін ашып берді.

- Оқу-жаттығу жиыны қалай өтіп жатыр?

- Қазір жалпылама физикалық жаттығулар жүріп жатыр. Бұл жиынға екінші және үшінші нөмірлі боксшылар да қатысуда. Оқу-жаттығу 18 ақпанға дейін жалғасады. Барлығы ойдағыдай.

- Биыл қандай маңызды турнирлер бар?

- Әрине, сәуір айында Бангкокта ерлермен бірге өтетін Азия чемпионатын ерекше атап өткім келеді. Сосын қазан айында Ресейдің Ұлан-үде шаһарында өтетін Әлем чемпионаты.

- Азия біріншілігіне әзірлікті бастап кеттіңіздер деп айта аламыз ба?

- Иә. Дәл солай. Қазір жалпы физикалық дайындығымызды тәмәмдаған соң, наурыз айында Астанада нақты жарысқа әзірлік басталады. Оған Марина Вольнованың жүлдесі үшін болатын халықаралық жарысқа келетін Ресей мен Украина құрамаларының боксшылары бірге қатысады.

- Азия біріншілігіне кімдер барады?

- Оқу-жаттығу жиындарынан соң жекпе-жектер өтеді. Содан кейін Тайландқа кімнің баратыны белгілі болады.

- Басты қарсыластарымыз кімдер болады?

- Негізгі қарсыластарымыз Үндістан мен Қытай боксшылары. Бірақ басқа елдерді де есепке алмағанымыз қателік болар еді. Соңғы Әлем чмпионатында 10 медальдың 8 Азия спортшылары алды. Демек, Азия боксы Еуропа мен Америкаға қарағанда анағұрлым мықты.

- Азия біріншілігіне дейін басқа да жарыстарға қатысу жоспарда бар ма?

- Жоғарыда айтып өткендей Вольнова атындағы турнир бар, сосын Әлем біріншілігіне дейін Германиядағы халықаралық жарысқа екінші құрамды жібереміз.

- Тағы да қай елдердің спортшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жоспарланған?

- Қытай спортшыларымен бірлескен жаттығулар өткізу ойда бар. Өйткені, олар қазіргі таңда өте мықты. Соңғы Әлем чемпионатында қытай қыздары 4 алтын алды.

- Биыл әйелдер арасында ҚР Чемпионаты бола ма?

 

- Биыл чемпионат болмайды. Мамыр айында 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын Спартакиада өтеді. Ал тамыз айында Әлем чемпионатына іріктеу болады.Спартакиададан соң құрама сапында өзгеріс болуы ықтимал.

 
Наверх