Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Бокстан ұлттық құрама капитаны ауыл жастарына шеберлік сабақ өткізді

08 Ақпан, 2019

 ЖАЛАҒАШ. ҚазАқпарат - Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ауылдағы жас спортшыларға шеберлік дәрісін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі боксшы Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылындағы спорт мектебі шәкірттерімен жүздесті. Аталмыш мектеп 2009 жылы ашылған. Бүгінде ауыл балалары онда бокс, дзюдо, таэквондо, қазақ күресі, еркін күрес, волейбол, гандбол секілді спорттың 7 түрінен тәлім алады.

Шеберлік дәрісін өткізу шарасына балалармен бірге жергілікті тұрғындар да көптеп жиналды. Барлығы шаршы алаң төрінде шапшаң қимылымен көзге түсіп, талай мәрте жеңімпаз атанған жампозбен жүздесуге ниет танытты.

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген.  Көптеген жарыстарда топ жарған. Әзірге ең жоғары жетістігі - 2017 жылы Германияда өткен әлем чемпионатындағы (91 келі салмақта) күміс жүлде. Сондай-ақ, сол жылы Өзбекстанда болған Азия чемпионатында күміс медаль иеленді. 

 «Мен балалардың ынтасына риза болдым. Олардың арасынан ертең еліміздің беделін асқақтататын мықтылар шығатынына сенімдімін», - деді Қамшыбек Қоңқабаев.

Шеберлік дәрісінде былғары қолғап шебері жас өрендерге бокстың көптеген әдіс-тәсілдерін үйретті. Олардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайырды. 

Ауыл ақсақалдары облыс орталығынан келген боксшыға сый-сияпат жасады. Қазақы дәстүрмен шапан жапты.

www.inform.kz

Наверх