Бүгін спортшылар ширек финалға өту үшін сайысқа түсті.
Астана қаласында әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтуде.
Іріктеу сайыстарында Қазақстан боксының жарқын өкілдері жеңіске жетуде. Олимпиада ойындарының қатысушысы, Оңтүстік Қазақстандық Жайна Шекербекова 51 келі салмақта БҚО-лық Мансура Дүйсеханды жеңді. Алматылық екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Жамбылдық Рано Шадыхановадан басым түсті.
Алматылық Олимпиада жүлдегері Дариға Шәкімова 75 келі салмақта Атыраулық Шынар Юлдашеваны 5:0 есебімен ұтты. Астаналық Валентина Хальзова 69 келіде Ақтөбелік Дана Сәлімгерейден айласын асырды.
Айта кету керек, ел чемпионатының қорытындысы бойынша жаңа құрама жасақталатын болады. Оның ішінде Олимпиадалық саналатын 51, 60 және 75 келі салмақтарға аса мән берілмек. Халықаралық Олимпиада Комитетінің хабарлауынша алдағы уақытта 57 және 69 келі салмақтар Олимпиада ойындарына енбек. Сондықтан аталған бес салмақтағы бәсекелер қызыққа толы болмақ.