Қазақ боксының тарихында айшықты із қалдырған былғары қолғап шеберлерінің бірі, Афины-2004 Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов Ұлттық құрама командада бо-
лып жатқан өзгерістерді жіті қадағалап отырады.
Бұл күнде бокс мектебінің басшысы болып қызмет ететін маманның пікірі бокссүйер қауым үшін қызықты болады деген ойдамыз.
«Қалай болған күнде де, өзгерістер жақсылыққа бастайды деп сенемін, – дейді Серік Елеуов. – Қазіргі құрамада толысқан тәжірибе мен жалындаған жастық үйлесім тапқан. Менің ойымша, құрамадағы көшбасшы боксшылар кеткенімен, олардың орнын лайықтылар басқандай. Алда уақыт бар – олимпиялық цикл енді басталды. Біздің боксшылар әлі-ақ өздерін көрсетеді деп сенемін».
- Құрамадағы 81 кило салмақ дәрежесінде қызық жағдай қалыптасты: екі мықты боксшымыз – Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетов көшбасшылыққа таласады. Сіздің ойыңызша, дәл осындай бәсекелестік бізге пайдалы ма?
- Бәсекелестік – өсуге ынталандыратын дүние. Бұл жерде мықтыларды өкшелеп келе жатқан жастарды да ұмытпауымыз керек. Қалай болған күнде де, жаттықтырушылар шын мықтыны таңдап алады деген ойдамын. Әлбетте, уақыт бәріне төреші.
- Әлімханұлы мен Ниязымбетов арасындағы жекпе-жектің қай турнирде және қалай өрбитінін елестетіп көруге бола ма?
- Қиын… Екеуі де оңқай, халықаралық жарыстардан жинаған мол тәжірибелері бар және де екеуінің де техникалық деңгейі өте жоғары. Делебені қоздыратын жекпе-жек болады деп ойлаймын.
- Абылайхан Жүсіповтің 69 кило салмаққа ауысқаны туралы не айтасыз?
- Бұл дұрыс және де дер кезінде қабылданған шешім. Оның жасы өсіп, салмағы да артып келеді. Техникалық қабілеті жағынан да Жүсіповтің құрамадағы бірінші нөмір болып бекуіне мол мүмкіндігі бар. Былтырғы Қазақстан чемпионатында ол барлық жекпе-жектерін сенімді өткізіп, көпшілікті қуантты. Көз алдымызда өсіп келеді.
- Ауыр салмақтағы Иван Дычконы лайықты түрде кім алмастыра алады деп ойлайсыз?
- Бұл салмақта намысты қолдан бермейді деген бірқатар боксшылар бар. Атап айтқанда, Қамшыбек Қоңқабаев, Олжас Боқаев, Нұрлан Сапарбай және тағы басқалар. Рас, тәжірибе мен тұрақтылық жағынан келгенде Иван Дычкоға жетері жоқ. Дегенмен, жастарды тәжірибе жинауы үшін сынға аямай сала беру керек.
- Ілияс Сүлейменовтің 56 кило салмаққа ауысқаны өзіне пайдалы ма?
- Менің ойымша, бұл салмақ оныкі емес. Қалай болғанда да, ол 52 кило салмақ дәрежесінде сенімді өнер көрсетті. Ауырлау салмаққа не үшін ауысқаны мен үшін түсініксіздеу. Бұл енді, оның өзіне және жаттықтырушысына ғана мәлім дүние. Ал әзірге, бұл салмақтағы көшбасшы – Қайрат Ерәлиев.
- Құрама командада жаңа капитан – Әділбек Ниязымбетов…
- Бәрі дұрыс. Әділбек Ниязымбетов бұл құрметке лайықты екенін өзінің жеңістерімен дәлелдеді. Екі Олимпиада сынында күміс жүлде алу дегеніңіз – айтуға ғана оңай. Тәжірибесі мол, құрамадағы жолдастарының оған деген сенімі де зор. Ол команданы алға бастап, өрге сүйрейді деп сенемін.
- Биыл Ұлттық Олимпиада комитеті өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Еліміздің басты спорттық ұйымы осы уақыт аралығында не тындыра алды деп ойлайсыз?
- Ширек ғасыр уақыт ішінде Қазақстан спорты аяғына нық тұрып, халықаралық аренада толайым табыстарға қол жеткізді. Ұлттық Олимпиада комитеті спортшыларды жаңа биіктерді бағындыруға ынталандырып, әрқашан да жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
- Әңгімеңізге рахмет.
Қайрат Әбілдинов,