Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Қазақ боксшылары екі бірдей халықаралық турнирде бақ сынауда

15 Наурыз, 2017

Оның бірі – Галледегі (Германия) "Chemistry Cup" додасы болса, екіншісі – Бакудегі (Әзірбайжан) "Ұлы Жібек жолы" турнирі.

Қазақ боксшылары екі бірдей халықаралық турнирге қатысып жатыр. Оның бірі – Галледегі (Германия) "Chemistry Cup" додасы болса, екіншісі – Бакудегі (Әзірбайжан) "Ұлы Жібек жолы" турнирі.



"Кіші әлем чемпионаты" саналатын Галледегі халықаралық турнирге Қазақстан құрамасы сапында 10 боксшы қатысуда. Олар жарысты бастап та кетті.



Қайрат Ералиев алғашқы жекпе-жегінде украиналық Владислав Веточкинді ұтты. 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов нидерланд боксшысы Джеймс Деланоны, Әбілхан Аманқұл неміс боксшысы Артур Оганянды 5:0 есебімен айқын жеңді.



"Chemistry Cup" турнирінде бүгін тағы үш боксшымыз шаршы алаңға шығады. 64 келіге дейінгі салмақта Бекдәулет Ибрагимов монаколық боксшы Микаллеф Хугомен жолығады. 81 келіге дейінгі салмақта Әділбек Ниязымбетов неміс боксшысы Абдулрахман Абу-Людбехпен жұдырықтасады. 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қонқабаев 1/8 кездесулерде америкалық Соломон Никосимен қолғап түйістіреді.



Ертең 49 келіде Ержан Жомарт 1/4 финалда эквадорлық Карлос Кипомен, 52 келіде Азамат Исақұлов америкалық Гильберт Ринтериамен (жартылай финал), 60 келіде Әділет Құрметов 1/4 финалда америкалық Деланте Джонсонмен, 91 келіде Василий Левит украиналық Константин Пинчукпен (1/4 финал) жұдырықтасады.


Галледегі "кіші әлем чемпионатына" 13 елден 75 боксшы қатысуда.



Бакудегі "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турниріне қазақ боксшыларын жаттықтырушылар Азамат Мақажанов пен Александр Стрельников бастап кетті. Бұл жарысқа 6 боксшы қатысады. Атап айтар болсақ, Асхат Жүсіпов (49 келі), Олжас Байниязов (52 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Аян Қалыбеков (64 келі), Илья Очкин (69 келі) мен Бек Нұрмағамбет (81 келі) ел намысын қорғайды.



Айта кетейік, 16-19 наурыз аралығында қазақ боксшылары кезекті бір халықаралық турнирге қатысады. Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде «GeeBee» халықаралық турнирі өтеді. Бұл жарыста еліміздің намысын 5 боксшы қорғайды. Атап айтар болсақ, Нұрбол Қалжанов (56 келі), Садриддин Ахмедов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) пен Нұрлан Сапарбай (91 келі) жарыс жолына шығады.

 

kaz.vesti.kz
 

 
Наверх