Жартылай финалға қазақстандық үш боксшы шықты
23 Тамыз, 2014
Бүгін Қытайдың Нанкин қаласында Жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық боксшылар айқасқа кірісті.
Ерлер арасында біздің отандастарымыздың барлығы 3:0 есебімен жеңіске жетті. Жастар арасынедағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов (60 кг) ӘЧ-2014 финалындағы қарсыласы румыедық Арсен Мустафаны жеңіп шықты. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Вадим Казаков (81 кг) норвегиялық Вегар Трегранды жеңді. Жастар арасында әлем чемпионы Шалқар Айқынбай (49 кг) түрік Мерт Қарақылышты қапы қалдырды.
Өкінішке орай, Қазақстаннан барған жалғыз боксшы қыз Алуа Балқыбекова (51 кг) армениялық Ануш Григоряннан 0: 3 есебімен жеңіліп қалды.
Енді қазақстандық боксшылар жартылай финалда бақ сынайды. Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңда венгр Ричард Коннимен кездессе, Вадим Казаков армян Нарек Манасянмен, ал Шалқар Айқынбай әзірбайжандық Руфат Хусейновпен қолғап түйістіреді.