Дычко Джаксон турнирінде жеңіске жетті
18 Мамыр, 2014
Алматыда өткен әлем чемпионатынан кейін Иван Дычконың шаршы алаңға оралуы сәтті өтті.
Бүгін Қазақстан құрамасының 91 кг-дан артық салмақ дәрежесіндегі көшбасшысы Ташкентте өтіп жатқан Сидней Джаксонды еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирдің жоғары марапатын өз қоржынына қосты.
Қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы финалда өзбек құрамасының нөмірі бірінші спортшысы, бірқатар ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Мирзохиджон Абдуллаевпен кездесті. Ринг қожайыны өзінің жанкүйерлерін қуанту үшін бар күш-жігерін салса да, жеңіс 2.1 есебімен қазақстандық Дычконың пайдасына шешілді.
Естеріңізге салып өтсек, аға жаттықтырушы Нұрғали Сафиуллин басшылық еткен біздің құрама бес салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Дычкодан бөлек турнирге Зәкір Сафиуллин (60 кг), Алмасбек Орынғалиев (69 кг), Сапарбай Айдаров (75 кг), Нұрдәулет Жарманов (81 кг) қатысты. Барлығы осы жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қытай және Түрікменстаннан 150 боксшыдан аса қатысты.