Бокстан ел астанасында өткен Президент кубогі додасында Қазақстан әйелдер командасы 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде төрт боксшымыз жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Команда бас бапкері Ерік Алғабектің айтуынша, бұрымды боксшылардың көрсеткіші жаман емес. Сондай-ақ, құрамадағы бәсекелестік деңгейі жоғарылған деп жазады Olympic.kz.
«Турнирде төрт чемпионның шыққаны жаман көрсеткіш емес. Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Алда атқаратын жұмыс өте көп. Өз жерімізде өткен жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біздің команда мүшелері еліміздегі турнирде жақсы өнер көрсетті. Енді алдағы әлем чемпионатында үздік нәтиже тіркеу керек.
Ұлттық құрамадағы бәсекелестік деңгейі артты. Бірақ біздің команда тәжірибелі және жас боксшылардан жасақталған. Орта буын жоқ. Әзірге проблема осы. Дегенмен, 75 келіде Надежда Рябецтің топ жарғаны қуантады. Ол Вольнованың жүлдесі үшін өткен турнирде де жеңіске жеткен еді. Осы боксшымыздың келешегінен үміт күтеміз. 51 және 69 келіде бәсекелестіктің өскені байқалады. Оның үстіне, Марина Вольнованың боксқа қайта оралуы да жақсы серпін болды. Маринаның Президент кубогіндегі аяқ алысы маған ұнады. Бес жыл шаршы алаңға шықпаған боксшы үшін жақсы көрсеткіш. Қазір 69 келіде Олимпиаданың қола жүлдегерлері Дариға Шәкімова мен Марина Вольнова, Азия чемпионы Мәдина Нұршаева, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Баян Ақбаева бар. Президент кубогі көптеген мәселелердің бетін ашты. Енді кемшіліктермен жұмыс істеп, жаттығуды одан әрі күшейтеміз», - деді бас бапкер.