Бахтияр Артаев: «Президенттің Кубогында біздің боксшыларымыз жоғары деңгейдегі өнерін көрсетулері тиіс»
18 Маусым, 2019
Біздің құраманың спортшылары қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі» турниріне дайындалуда. Осыған орай, Олимпиада чемпионы, Вэла Баркер кубогының иегері, еліміздің жеті дүркін чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаев іс-шараға қатысты өз ойымен бөлісті.
Бахтияр, өзіңіз биылғы турнирді асыға күтудесіз бе?
- Әдеттегідей жыл сайын бұл кубокті күтемін. Өйткені, бокс десе ішкен асымызды жерге қоятын адамбыз. Басымыздан өткеннен кейін, інілеріміздің қазіргі таңдағы дайындығы бірінші кезекте. Себебі, келесі жыл Олимпиады жылы, сондықтан да осы Кубокта біздің спортшыларымыз әлемнің мықты боксшыларымен өздерін пысықтап, өздерінің деңгейлерін көру керек. Бізге де бұндай кездесулер өте қызық. Біздің Ұлттық құрама балаларының қазіргі таңдағы дайындығын және олардың көзқарастары, аяқалыстарын көру үшін Кубокка міндетті түрде барамын. Чемпиондарды көріп, оларды марапаттау біз үшін үлкен құрмет. Сондықтан, міндетті түрде жарыстың алғашқы күнінен бастап, финалғы кездесулерге дейін спортшыларымыздың қасында жүремін.
Құпия болмаса, кім үшін жанкүйер боласыз?
- Жалпылама, қайсы болмаса да мен үшін да туған інімдей. Сол себептен бәріне бірдей жанкүйермін, бәріне бірдей тілектеспін. Қолымнан келгенше барлық спортшыға барымша қызмет жасап, қасында болуға әрекет жасаймын. Ешқайсысын бөліп жара алмаймын.
Қыздардың Ұлттық құрамасы жайлы не айта аласыз?
- Шынымды айтсам әлі қыздарға жанкүйер болып көрген емеспін. Көбіне, олардың жарыстары ерлерден бөлек өтетіндіктен шығар. Алайда Жайна Шекербекованы, өзіміздің қарындасымыз əйелдер арасындағы бокстан екі дүркін Əлем чемпионы Назым Қызайбай сияқты қыздарымызды сырттан бақылап, үнемі тілекші болып отырамын. Қоржындарына Әлем чемпионаттарының медальдарымен қоса Олимпиада ойындарының медальдары де қосылады деген үміттемін.
Кубокка қатысатын шетелдік қарсыластарымыз туралы ойыңыз?
- Қай кезде болмаса да шетелдік қарсыластарымыз болған, болады да. Кубалықтар, ресейліктер, өзбек боксшылары, америкалық спортшылар қашанда басты қарсыластарымыз болады. Дегенмен де, олардан мойынсынбау керекпіз. Қандай қарсылас болмасын, айқын басымдықпен ұтуға әрекеттену керек. Ол үшін біздің балаларға толық жағдай жасалған, барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, қолдайтын басшысы Тимур Асқарұлы Кулибаевтың бастауымен жүрген кезде міндетті түрде жеңіске жету керек.