Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

АЙБЕК ОРАЛБАЙ: «ФИНЛЯНДИЯДАҒЫ ФИНАЛДА ТӘЖІРИБЕНІҢ АЗДЫҒЫНАН ҰТЫЛДЫМ»

14 Наурыз, 2019

 Бокстан Финляндияның Хельсинки қаласында өткен Gee Bee халықаралық турнирінде Айбек Оралбай финалға дейін сүрінген жоқ. Былтыр Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы дода. 91 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жас боксшы Olympic.kz сайтына Хельсинкидегі жарысты қорытындылап, ақтық сында алтын үшін не жетпегенін түсіндіріп берді.

 - Финляндиядағы турнир менің ересектер арасында қатысқан алғашқы бәсекем. Осыған дейін жастар құрамасында болғанымды көпшілік жанкүйер білетін шығар. Gee Bee турниріне әлемдегі үздік боксшылар қатысты және мұндай бәсеке маусым басында біз үшін өте қажет. Маған сенім артып, жарысқа апарған бапкерлеріме алғыс айтамын.

Ал жекпе-жектерге тоқталар болсам... Шыны керек, бұл турнирде маған тәжірибенің аздығы қолбайлау болды. Алтын үшін өткен айқаста таза тәжірибем жетпегендіктен жеңілдім. Одан бөлек, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ресейлік боксшымен өткен жекпе-жек есте қалды. Тәжірибесі де, шеберлігі де мықты спортшы екен. Оны жеңгенім маған сенімділік сыйлады.

Финляндиядағы сын мен үшін мол тәжірибе болғаны сөзсіз.  Әрине, команданың алтынсыз қалғаны аздап қынжылтады.  Бапкерлер менің жастығыма сілтеп, бәрі алда екенін айтады. Десе де, спортта жүргенімен он жылдан асты. Сол себепті, жеңіске жетсем, еліміздің байрағын көтерсем деген мақсаттарым бар.

Биылдан бастап еліміздің бас командасына қабылдандым. Сыңарым Нұрбек те осында. Мұндағы ағаларымыз бізді жақсы қарсы алды. Іні көріп, білгенін үйретіп жүреді. Менің салмағымда Василий Левиттің үздік екенін білесіздер. Онымен бірге жаттығамыз, бірақ әлі кездесіп көрмедім, - дейді Айбек.

Еске сала кетейік, Айбек Оралбай Gee Bee халықаралық турнирінде 91 келі салмақта күміс медаль иеленді. Ал оның сыңары Нұрбек Оралбай 75 келіде үздік үштікке енді.

Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Дереккөзі: Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Наверх