Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

ҒАЛЫМБЕК КЕНЖЕБАЕВ: «ЖАСТАРДЫҢ ҚАДАМЫ ЖАҚСЫ, КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАҒАН БОКСШЫЛАР ДА БАР»

15 Наурыз, 2019

 Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы бұл күндері Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Финляндияда аяқталған халықаралық турнирді қорытындылап, Азия чемпионатына дайындық кезеңімен бөлісті деп хабарлайды Olympic.kz.

– Хельсинкидегі Gee Bee турнирінен екі күміс, бес қола медальмен оралдық. Бұл сынға бірінші нөмірлі боксшыларды апарған жоқпыз. Екінші, үшінші нөмірлі спортшыларды шыңдап, халықаралық сындарда ысыла түсуіне мүмкіндік жасадық. Әрине, біз күткен нәтижені көрсетпеген боксшылар да жоқ емес. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қойғаным жөн. Дегенмен, жастардың аяқ алысы көңілімнен шықты.

Бұл турнир жас боксшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Ендігі біздің мақсат – Азия чемпионатына дайындықты үдету.

Сары құрлық додасына дейін бірнеше халықаралық турнирлер өтеді. Атап айтар болса, Әзірбайжанның Баку қаласында және өзіміздің Оралда жоғары деңгейлі жарыстар ұйымдастырылмақ. Бапкерлер қауымы ақылдаса келе, бұл бәсекелерге бірінші нөмірлі боксшыларды қатыстырмауды жөн санадалық. Олардың негізгі міндеті Азия чемпионатында сәтті өнер көрсеті. Ал аталған сындарға облыстардан келетін спортшыларды жібереміз.

Бүгін оқу-жаттығу жиындарының үшінші күні өтуде. Спортшылар тегіс жиналды. Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр, – дейді бас бапкер.Дереккөзі: Қазақстан ҰОҚ баспасөз қызметі

Дереккөзі: Қазақстан ҰОҚ баспасөз қызметі

Наверх