Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Әділбек Ниязымбетовтың орнына Қамшыбек Құнқабаев келді

11 Қаңтар, 2019

 Бокстан Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының капитаны тағайындалды

 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз Қамшыбек Құнқабаев Ермахан Ибраимов, Әділбек Ниязымбетов ағаларының жеңісті жолын жалғастырмақ.

Қамшыбек Құнқабаев тәуелсіздіктің төл құрдасы. 1991 жылдың 18 қарашасында дүниеге келген. ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері. Қызылорда облысының тумасы. Жеке бапкері - Ғалымжан Байғұндиев.

 -         Қамшыбек. Сізді капитан болуыңызбен құттықтаймыз. Күтпеген жаңалық болды ма әлде алдын ала білдіңіз бе?

 -         Біздің құрамада Қайрат Ерәлиев, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит  сынды мықты жігіттер бар. Барлық салмақ бойынша қай-қайсы да сен тұр мен атайын деген азаматтар. Теміртас Жүсіповты білесіздер мысалы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы. Сондықтан осындай құрамаға капитан болу асқан жауапкершілік. Және бұл жәй ғана айтыла салған сөз емес. Біз қашан да намысқа тырысамыз. Ел үшін, көк туды желбіретіп, әнұранымызды шырқату үшін шығамыз. Мен қай жағынан да барлығына үлгі болуым керек. Әуесқой бокстың жарқын болашағы үшін, отандық бокстың дамуы үшін, ел абыройы үшін кәсіпқой мәнерде өнер көрсетеміз.   

-         Капитан деңгейінде ой қозғағаныңыз бізді қуантып отыр. Есіміңіз де нағыз көшбасшыға лайық екен. Қамшыбек деп кім қойды?

-         Атам қойған екен.

-         Атаңыздың баласы болып өскен екенсіз ғой?

-         Негізі әжемнің баласы болғанмын (күледі). Барлығы сол асыл ата-әжемнің тәрбиесі деп білемін. Жоғарыда айтып өткенімдей біз өз ісімізге жан-тәнімізбен берілген адамдармыз. Спорт жолында, бокс жолында барымызды саламыз. Ол дегеніміз не? Алдымен біз бапкерлермен мұқият жұмыс істеуіміз керек және жарыстарда жеңуіміз керек. Мақсат осы. Биыл Азия чемпионаты мен Әлем біріншілігіне тыңғылықты әзірлік жүргіземіз. Сіздердің қолдап жатқандарыңызға, бапкерлеріме алғыс білдіремін.

-         Сізге де рақмет. Жеңісті күндеріңіз көп болсын.

Қамшыбек Құнқабаев әскерилер арасында әлем чемпионы (2014 ж.), Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (2015 ж.), ҚР Спартакиадасының чемпионы (2015 ж.), ҚР чемпионатының күміс жүлдегері (2016 ж.), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2017 ж.), Әлем бірінішілігінің күміс жүлдегері (2017 ж.), ҚР чемпионы (2018 ж.).

Наверх