Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов балаларға мастер-класс өткізді
Күн райы әлі жылы болғандықтан мерекелік шараны ашық аспан астында өткізгенге не жетсін?! Ал егер ол шара Қазақстан боксының 85 жылдығымен орай келсе, тіпті, керемет емес пе?! Ел спортының тарихындағы елеулі оқиғаны Шымкенттегі қайраткер азаматтар «Динамо» спорт кешенінде атап өтті. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бокстың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бапкерлер мен боксшылар, демеушілер, жергілікті билік өкілдері 85 жылдықты атап өтті. Футбол алаңының қақ ортасына ринг орналастырылып, жергілікті тұрғындар мен жас балаларға боксшылар өз өнерлерін паш етті.
2015 жылғы Азия чемпионы Нысан Дәулет пен Амантай Нариман көрермендердің құрметіне жекпе-жек өткізді. Кездесуге АИБА халықаралық дәрежедегі төрешісі Ержан Оспанбаев рефери болды.
Әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, ҚР Президенті Кубогы турнирінің жеңімпазы Бек Нұрмағанбет, Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ержан Жомарт, «А» санатындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы Бекдәулет Ибрагимов, ерлер құрамасының бапкері Нұркен Аңдасов, Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сәфиуллин, Азия чемпионатының күміс жүлде иегері Мәдина Нұршаева, жастар арасында Әлем және Азия чемпионы Дина Исламбек барлығы бірігіп мастер-класс өткізді.
Сонымен қатар, шараға 2013 жылғы Әлем чемпионы Біржан Жақыпов, 2011 жылғы Азия чемпионы Досжан Оспанов, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиев қатысты. Барлығы да келген меймандармен естелік суретке түсіп, қолтаңбаларын қалдырды. Бокс қозғалысының 85 жылдық мерейтойына орайластырылған шаралар осыған дейін Көкшетау, Тараз, Қарағанды, Астана қалаларында өтті.