Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Юрий Цхай: «Қазақ боксы әлемдік брендке айналды»

29 Қазан, 2018

 Юрий Цхай қазақ боксының 85 жылдығымен құттықтады

 - Барша боксшыларды, бапкерлерді, жанкүйерлер мен демеушілерді отандық бокстың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бұл аз уақыт емес. Бір адамның ғұмырымен тең. Қазақ боксы өзінің ерекше қалыптасу, даму жолын жүріп өтті. Біз талай тарихи сәттердің куәгері болдық. Қазіргі таңда бокс туралы алыпқашпа әңгіме өте көп. Токио Олимпиадасының бағдарламасынан алынып тасталуы ықтимал деген жорамалдар бар. Қалай болғанда да, мұндай мәлімдемелер біздің рухымызды жыға алмайды. Бокс қашан да көпшіліктің сүйікті спорты болған, бола береді де. Сондықтан біздің тарландарымыз Жапонияда өтетін Олимпиада ойындарына қатысады және ел қоржынын медальдармен толтырады деген үміттеміз. Қазақ боксы әлемдік бренд. Өзінің ертеден қалыптасқан мектебі мен дәстүрі бар. Бүгінгі заман ағымына сай өте жоғары деңгейде даму үшін әлі талай тер төгіп, еңбек етуіміз қажет. Баршаңызды тағы да осы бір мерейлі мерекемен құттықтаймын.

Цхай Юрий Андреевич Жамбыл облысының тумасы. Шу ауданының Төле би ауылында (бұрынғы Новотроицк) 1948 жылы қазан айында дүниеге келген. Жамбыл облысы құрамасының, қазақ КСР құрамасының, Корея Республикасы құрамаларының бас жаттықтырушысы болған. Серік ҚонакбаевКәрімжан Әбдірахманов, Болат Жәпенов, Дамир Буданбеков сынды бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін тәрбиелеген. «КСРО Еңбек сіңірген жаттықтырушысы». Тәуелсіздік жылдары DOSTAR (1991 – 2007 ж.ж.) компаниясының президенті, бертінгі жылдары «Агромашхолдинг» АҚ төрағасы, «Корпорация Қуат» АҚ мен «Банк Каспийский» АҚ басқарған. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Нұр-Отан» партиясы атынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған. Қазіргі таңда Қазақстан бокс федерациясының бапкерлермен жұмыс бойынша вице-президенті. «Достық», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Наверх