Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Финал тағдырын екінші кездесу анықтайды

27 Қыркүйек, 2018

 Алғашқы күні «Астана Арланс» «Куба Домадорес» командасына 2:3 есебімен есе жіберді

Қытай Халық Республикасының оңтүстік-шығысында, Қытай теңізінің жағасында (немесе «Шығыс теңіз») жайғасқан  Сямын қаласында Астана арландары алғашқы жекпе-жектерін өткізді. Финалға тыңғылықты дайындықпен келген кубалық тарландарға қарсы тұру оңайға түскен жоқ. Алғашқы болып шаршы алаңға көтерілген 49 келі салмақтағы Теміртас Жүсіпов кубалық  Демиан Арсе Дуартеге төтеп берді.

Қарсылас кездесуді бірден тартысты бастады. Алғашқы болып қолын сермеп, әп-сәтте шабуылдай жөнелді. Бірақ біздің бағымызға орай Теміртас Жүсіпов сасқан жоқ. Бірден дұрыс тактика таңдады. Кей кездері даңқты боксшымыз Серік Қонақбаев секілді көрінді десек артық айтқандық емес. Себебі, шаршы алаңда аяқ шапшаңдығын ұтымды пайдаланып, яғни, соққылардан сәтті жалтарып қана қоймай, кубалықтың әрбір шабуылын өз пайдасына шешіп отырды. Қарсыластың соққылары аракідік дарығанымен, көп соққысы далаға кетіп жатты. Теміртас оның бір соққысына екі соққымен жауап беруге тырысты. 5 раунд бойы бірін-бірі тактикалық іздеумен болған боксшылар да, бапкерлер де барын салды. Оған ешқандай күмән жоқ. Бостандық аралының өкілі қолдан келгенше барлығын жасағанымен біздің боксшымыздың басымырақ болғаны байқалып тұрды. Төрешілер жеңісті Теміртасқа берді.

Екінші кездесуде 56 келі салмақта өнер көрсететін жерлесіміз Ілияс Сүлейменов Освел Кабальероға қарсы шықты. Бірақ бұл жолы қарсылас ұпай санымен жеңіп кетті. Кубалық алғашқы раундтан-ақ күшке басып соңына дейін қарқын үстіне қарқын қосып бокстасты. 4 және 5 раундтарда Ілияс Сүлейменовке қарағанда анағұрлым тың көрінді.

Үшінші жекпе-жекте Ділмұрат Мижитов Энди Крузға есе жіберсе, төртінші болып шаршы алаңға көтерілген Әбілхан Аманқұл Ослейс Иглесиас Эстраданы тізе бүктірді.

Бірақ бесінші кездесуде өкінішке орай Нұрбол Алтаев даңқты кубалық былғары қолғап шебері Эрисланди Савоннан ұтылды. Осылайша «Астана Арланс» «Куба Домадорес» арасындағы алғашқы күннің кездесуі 2:3 есебімен аяқталды.

Әлемдік Бокс Сериясы (The World Series Boxing) финалының жалғасы 28 қыркүйек, яғни, ертең Цзиньцзянь шаһарында жалғасын табады. Бұл жолы да әр командадан бес боксшыдан шығады. Егер есеп тең болған жағдайда 64 келі салмақта тағы бір қосымша шешуші жекпе-жек өтеді. Финалдың жалғасын «Хабар» агенттігі Астана уақыты бойынша 17:00 тікелей эфир арқылы көрсетеді.

28 қыркүйекте өнер көрсететін боксшылар:

52 келі – Сәкен Бибосынов - Хорхе Гринан

60 келі – Закир Сафиуллин - Лазаро Альварез

69 келі – Асланбек Шымбергенов - Рониель Иглесиас

81 келі – Бек Нұрмағанбет - Хулио Ла Круз

91 жоғары салмақ дәрежесі – Қамшыбек Құнқабаев - Хосе Лардует

Есеп тең болған жағдайда:

64 келі – Бекдәулет Ибрагимов - Хорхе Моиран Винент

Сурет: «World Series Boxing»

Наверх