Бокс бойынша XIII халықаралық әйелдер турнирінде қарағандылық Милана Сафронова қола медаль иеленді.
Біріншілік Польшада Гливица қаласында өтті. Оған 18 елдің өкілдері қатысты.
- Бұл беделді сайыстарға Франция, Канада, Үндістан, Ресей, Украина және басқа да елдердің спортшылары қатысты, - дейді Милана Сафронова. – Мен алтын медальге бет алған едім, алайда жартылай финалда Украинадан келген әлем чемпионына 2:3 есебімен есе жіберіп алдым. Біз бірдей шайқастық, бірақ қарсыласым бірінші раундта менің мұрнымнан ұрды, әрі қарай мұрнымнан қан аққанына қарамастан бокстасу керек болды. Мен беріскен жоқпын, туындаған қиындыққа қарамастан мен жақсы ұрыстар жасадым деп ойладым, алайда төрешілер басқаша шешім қабылдады. Әрине, өкінішті болды. Не де болса әлі алға жылжимын, басқа да алға қойған мақсаттарым бар. Бірінші қазаннан бастап Алматыда Қазақстан әйелдер құрамасының қарашада Нью-Делиде (Үндістан) өтетін әлем чемпионатына дайындығы басталады. Мен еліміздің атынан 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін.
Милана 27 жаста, ол бокспен 2009-шы жылдың соңынан бері шұғылданып келеді. 2012-ші жылы үлкен спорттан кетіп қалды, алайда төрт жылдан соң қайта оралды. 2017-ші жылы Сафронова республикалық біріншілікте қола жүлдегер атанды, ал 2018-ші жылы – Қазақстан чемпионы болды.
- Менің жаттықтырушым ауысты, - деп түсіндірді спортшы. – Осыған дейін мен Мәскеуде Олимпиада чемпионы, Наталья Рогозинаның ұстазы Вячеслав Яновскийдің жетекшілігімен жаттықтым. Дәл осы кісімен Қазақстан чемпионатында қола медальді ұттым. Сонан соң ол мені өзінің досы, әйгілі жаттықтырушы Захар Семенович Рутенбергке тапсырды, онымен мен республикалық біріншілікте үздік болдым. Ол тамаша ұстаз! Мені ынталандыратыны соншалықты, тіпті тауды төңкеруге дайын боламын. Мәскеуде жаттығамын, бірақ Қазақстанның, Қарағандының, өзімнің туған жерім Саран қаласының атынан өнер көрсетемін. Захар Семенович мені алдағы әлем чемпионатына дайындау үшін Алматыға ұшып келеді. Әлем біріншілігінде жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін.
Айта кету керек, өткен жылы Милана рингте өзін кәсіби боксшы ретінде сынап көрді. Жекпе-жек Корей елінде ұйымдастырылды. Төрешілердің шешімі бойынша кездесу тепе-тең есеппен аяқталды.
- Менің қарсыласыма сәт түсті, оның басы шойындай екен, - деп күледі Милана. – Ал негізі, мен әуесқойлық боксте барлық шыңдарды бағындырып, кәсіби бокс бойынша абсолютті әлем чемпионы болғым келеді. Бұл мақсатымды орындау үшін барымды саламын.
Дереккөз: Қарағанды облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы