Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Фариза Шолтай, бокстан ҚР Ұлттық әйелдер құрамасының мүшесі: «Әлем чемпионатына тұңғыш рет барғалы отырмын»

21 Қыркүйек, 2018

 Жақында Польшаның Гливице қаласында өткен турнирдің жеңімпазы ҚБФ сайтына сұқбат берді

 ҚБФ ұжымы Сізді Польшаның Силезия өңірінде болған жарыстағы жеңісіңізбен құттықтайды. Қазір қайдасыз? Алдағы жоспарыңыз қандай?

-         Қазір үйдемін. Бұйыртса 1 қазанда  оқу-жаттығу басталады. Бұл Әлем чемпионатына дайындық деп есептеледі. Ең басты мақсат осы жарыста жарқ етіп жану. Басқа жоспар жоқ.

Польшадағы жарыс туралы не айтар едіңіз?

-         Польшадағы жарыс мен үшін қатты ауыр болды деп айта алмаймын. Бірақ бірінші жекпе-жегім Еуропа чемпионымен өтті. Ең ауыр кездесу осы болды. Себебі, бұл жарысқа толық дайындықта келдім деп айта алмаймын. Бабым аса келісіңкіре қоймаса да, бағым жанды. Бұл турнир Әлем чемпионаты алдындағы сынақ болсын деп алдын-ала жаттықтырушымен келісіп алған болатынбыз. Сондықтан барымды салдым деп айта алмаймын. Дегенмен, дайындығым мәз болмаса да бұл маған кедергі бола алмады. 3 кездесуді де таза ұттым.

Бұрын-соңды Әлем біріншілігіне қатыстыңыз ба?

-         Қатысқан емеспін. Талай халықаралық дәрежедегі мықты жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінсем де, Әлем чемпионатына биыл тұңғыш рет барамын.

Осы Үндістанда өтетін Әлем чемпионаты туралы пікіріңіз қандай? Қай елдерден мықты қарсыластар келеді деп ойлайсыз?

-         Менің салмағымда кореялық әлем чемпионы бар. Сосын Қытай мықты. Еуропа мен Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері келеді. Негізі бөліп жаратын ештемесі жоқ. Барлық елдер Әлем чемпионатына өздерінің бірінші нөмірлі спортшыларын әкеледі. Сондықтан жекпе-жектердің ауырға түсері хақ. Қарсыластардың қай-қайсы да жоғары дайындықпен келеді.

Оқырмандарымызға өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Қай өңірде дүниеге келдіңіз? Бокспен қанша жасыңыздан бастап айналысасыз?

-         Мен 1995 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында дүниеге келдім. Бірақ қазіргі күні Шымкентте тұрамын. Жарыстарда осы өңірдің намысын қорғап жүрмін. Бокспен 18 жастан бастап айналысамын. Алғашқыда қатты қызуғышылық болған жоқ. Ата-анам да қарсы болды. Бірақ бірте-бірте баурап алды. Себебі, өзіңе-өзің мықты екеніңді дәлелдегің келеді, біреуге есеңді қайтарғың келеді. Солай-солай осы спорт түрімен білек сыбанып айналысуға бел будым.

Уақыт бөліп сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс білдіреміз. Әлем чемпионатында жеңіп шығуыңызға тілектеспіз. 

Фото: Сергей Штрак

Наверх