Польшада аяқталған әйелдер арасындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы өз ойымен бөлісті
Қазақстан біріншілігінің 8 дүркін жеңімпазы, 2016 жылғы Әлем чемпионы, Азия ойындарында екі мәрте финалға шыққан Ләззат Күнгейбаева (81+ келі) Силезия аймағындағы Гливице қаласында жалауын көтерген әйелдер арасындағы XIII халықаралық турнирде алтыннан алқа тағынды. Биыл қарашада Үндістанда өтеді деп жоспарланған нәзік жандар арасындағы Әлем біріншілігі алдында 18 елдің былғары қолғап шеберлері өзара бақ сынасып, қарсыластарының қарқынын байқап көрді. ҚБФ ресми сайтына сұхбат берген Ләззат Күнгейбаева Польшада өткен сайысқа жоғары баға берді.
- Польшадағы турнирден қандай ой түйіп қайттыңыз?
- Қарсыластарым мықты болды. Өйткені, Әлем біріншілігі алдында барлығы осы жарысқа арнайы келіп отыр. Сондықтан мен үшін ең бастысы жеңіс болғанымен, тәжірибе жинау да маңызды болды.
- Барлық кездесулеріңіздің ішінде ең қиыны қайсы болды?
- Ең бірінші кездесуім қиынға соқты. Әдетте кез-келген спортшы үшін алғашқы жекпе-жек ауыр саналады. Бірінші жұдырықтасудан соң қалған кездесулер өз сарынымен кете береді ғой. Сосын әрине финал оңайға соқпады. Өз салмағында Ресейдің нөмірі бірінші боксшысы Кристина Ткачева өте тәжірибелі спортшы. Онымен әлі Әлем чемпионатында кездесуім мүмкін. Сондықтан қарсыластарды бір байқап, сынап алдым десе болады.
- Отандастарымызға және біздің оқырмандарымызға алдағы жоспарларыңыз жайында айта отырсаңыз?
- Басты мақсатым жақсылап дайындалу. Өйткені, алда бізді Әлем чемпионаты күтіп тұр. Сондықтан құрамамен бірге алдымен Астанада, сосын Алматыда жаттығулар өткіземіз.
Фото: Сергей Штрак