Силезия воеводствосындағы жарыста әзірге 5 боксшымыз сүрінбей келеді
Байрақты бәсекенің үшінші күні біздің спортшыларымыз үшін сәтті болды. Шаршы алаңға шыққан 5 боксшы қызымыздың барлығы да жеңіске жетті. Әйгерім Қасенаева (49 келі) ширек финалда канадалық Энн Маркотты тізе бүктірді.
Жайна Шекербекова (51 келі) ¼ кезеңінде франциялық Дельфин Мансиниді 5:0 есебімен ұтты.
Карина Ибрагимова (60 келі) Швеция Корольдігінің өкілі Агнес Алексюссонды жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Влада Кухта (57 келі) канадалық Сабрина Аубиннің (Канада) шаршы алаңға шықпауына байланысты келесі кезеңге өтті.
Соңғы болып рингке көтерілген Ләззат Күнгейбаева (81+ келі), Патриция Брауннан (Польша) басым түсті. Төреші бірінші раундта-ақ кездесуді тоқтатып, жеңісті жерлесімізге берді.
Осылайша жекпе-жек өткізген барлық 5 боксшымыз Гливице қаласында өтіп жатқан жарыстың кемінде қола медаліне қол жеткізіп отыр деген сөз. Бұл тізімде 12 қыркүйек күні рингке шығып нәтижелі аяқтаған Милана Сафронова (64 келі) да бар.
13 мен 14 қыркүйек аралығындағы жекпе-жектер күніне екі мезгілде өтеді. Астана уақыты бойынша 15:00 және 21:00 басталады. 15 қыркүйек жарыстың соңғы күні жекпе-жектер 21:00 жоспарланған. Осымен 13 мәрте өтіп отырған халықаралық турнирге Қазақстан Республикасын қосқанда 21 елдің өкілдері қатысып жатыр.
Көрсетілім сілтемесі: https://www.youtube.com/channel/UC1WrrnARou7u6Co7FUlamuw/
Фото: Сергей Штрак