Дүниежүзілік жарыс Элиста қаласында жалауын көтерді
Ресей Федерациясының құрамындағы қалмақ елінің астанасы Элиста қаласында студенттер арасындағы бокстан VIII Әлем біріншілігі өтіп жатыр. Жарыста 22 мемлекеттен келген 96 спортшы бақтарын сынауда.
Тағы бір атыраулық қандасымыз Ержан Ордабаев (60 келі) 1/8 кезеңінде Литва Республикасынан келген Гилбвинас Лукосиунасты, ширек финалда Фрих Элиасты (Франция) тізе бүктірді. Спортшымыз алдағы жартылай финалда ресейлік Габил Мамедовпен былғары қолғап түйістіреді. Ол өз кезегінде Астанада өткен ҚР Президенті Кубогы жарысының биылғы жеңімпазы.
«Astana Arlans» мүшесі Бекболат Кұрамысов (69 келі) 1/8 кезеңінде Молдава Республикасының өкілі Влад Гаврилючты ұтты. Есеп 5:0. Ширек финалда отандасымыз Алексей Дзярновты (Белоруссия) жеңді. Енді Филип Вачаламен (Польша) кездеседі.
Амандық Манашев (75келі) өкінішке орай франциялық Бамру Бен Гороға жол берді. Есеп 2:3.
Жартылай финалдық кездесулер 4-5 қыркүйекке, ал ақтық бәсекелер 6 қыркүйекке жоспарланған. Студенттер арасындағы Әлем чемпионаты «Ойрат-Арена» спорт кешенінде өтіп жатыр.
Уақытысында еліміздегі талай мықты боксшыларымыз аталмыш сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болған. Олардың қатарында Бақыт Сәрсекбаев, Василий Левит, Антон Пинчук, Даурен Елеусінов сияқты саңлақтарымыз бар.
Тікелей көрсетілім сілтемесі: https://www.youtube.com/channel/UCAlxw1m-1Bo9OSbOVuhzC5w/
Фото: Атырау бокс федерациясы