Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

МЫРЗАҒАЛИ АЙТЖАНОВ, БАС БАПКЕР: БҮГІН ЕКІ АЛТЫНЫМЫЗДЫ ТАРТЫП АЛДЫ

03 Қыркүйек, 2018

 Бокстан Қазақстан командасы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет алтынсыз қалды. Бүгін финалда жұдырықтасқан екі боксшымыз да күмісті қанағат тұтқан болатын.

Осы орайда, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, жеңілістің себебін түсіндірді. 

«Азия ойындарына бес жүлде аламыз деп келгенбіз. Оған шамамыз да жететін еді. Алайда, тым төмен нәтиже көрсетіп отырмыз. Әр ел өз спортшысын қорғайды. Сол себепті, бір елдің соңына түсіп алғанымыз дұрыс болмас. Жігіттер бар күшін салды, оларға айтарым жоқ. Көптеген кедергілер мен келеңсіз жайттар орын алып отыр. Финалға дейін үш боксшымыздың жолын кескен. Енді, міне, екі жігітіміздің алтынын тартып алды. Сабыр қылғаннан басқа амал жоқ.

Жалпы, бізге шаршы алаңдағы қарсыластармен ғана емес, басқалармен де күресуге тура келді. Қайрат Ерәлиевті алып тастағаннан кейін-ақ, қиын соғарын сездім. Тіпті, Азия ойындарына аттанар кезде де бұл белгілі болған. Себебі, біздің бір өкіліміз жоқ. Қазақстандық төрешілер де алынбаған. Сондықтан, Азия ойындарында саясат жеңді.

Асланбек Шымбергеновке жоқ жерден ескерту беріп, ұпайын алып тастады. Боксшыға үш-төрт рет ауызша ескерту берілген соң ғана, ұпайын алып тастаушы еді. Бұл жолы бірден...

Жігіттерге айтар өкпем жоқ. Бар күшін салды», - деді Мырзағали Айтжанов.

Еске сала кетейік, бүгін Азиада финалында жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов (69 келі) пен Әбілхан Аманқұл (75 келі) төрешілер шешімімен жеңіліс тапты.

Көпшілік мамандар мен жанкүйерлер қазақ боксшыларына қиянат жасалғанын айтуда. Екі боксшы да финалда алтынға лайықты өнер көрсеткен болатын.

ФОТО: Данияр Майлыбаев. Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Ақпарат дереккөзі: Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Наверх