Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Жастар арасындағы Әлем чемпионатының финалына 8 отандасымыз жолдама алды

29 Тамыз, 2018

 3 боксшымыз қола медальға қол жеткізді

 Будапешт қаласындағы Дунай Аренада өтіп жатқан бокстан Әлем біріншілігінде жартылай финалдық кездесулер өз мәресіне жетті. Махмұд Сабырхан (49 кг), Жансая Әбдірайымова (51 кг) мен Анель Құдайберген (48 кг) қола медаль алды. Азия чемпионы Махмұд Сабырхан (49 кг) жартылай финалда пуэрторикалық Жан Пол Ривера Пиццародан ұтылды. Жансая Әбдірайымова (51 кг) америкалық Хэвен Гарсиядан, Анель Құдайберген (48 кг) индиалық Нитуден айласын асыра алмады.

 

8 жерлесіміз финалда өнер көрсетеді. Олар - Ермахан Жақпеков (69 кг), Нұрбек Оралбай (75 кг), Айбек Оралбай (91 кг), Дамир Тойбай (91+ кг), Сағындық Тоғамбай (81 кг), Гүзәл Садықова (81 кг), Дина Исламбекова (81+ кг) мен Айзада Ісләмғали (54 кг).

Азия біріншілігінің жеңімпазы Ермахан Жақпеков (69 кг) жартылай финалда тайлық Пирапат Еасунгноенмен кездесіп, бірінші раундта-ақ қарсыласын нокаутқа жіберді. Енді ол финалда Ресей мен Еуропа чемпионы Жамболат Бижамовпен кездеседі.

Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (75 кг) өзбек Наво Тамазовты ұтты. Финалда ресейлік Данил Тетеревпен былғары қолғап түйістіреді.

Айбек Оралбай (91 кг) алжирлық Амин Хасида Мохаммедті жеңді. Финалда ресейлік Игорь Федоровпен кездеседі.

Азия чемпионы Гүзәл Садықова (81 кг) украиналық Каролина Махноны тізе бүктірді. Ол да ақтық кездесуде ресейлік Анастасия Рыбакпен шығады. Айзада Ісләмғали (54 кг) Таиландтан келген Пхонапп Лапанды ұтты. Финалда АҚШ өкілі Айяна Вердускомен бағын сынайды.

Азия чемпиондары Дамир Тойбай (91+ кг) мен Сағындык Тоғамбайдың (81 кг) қарсыластары жарыс жолынан өз еріктерімен шығып қалғандықтан финалға автоматты түрде шығып отыр. Екеуі де ресейлік боксшылармен кездеседі. Азия чемпионы Дина Исламбекова (81+ кг) финалда украиналық Мария Ловчинскомен жекпе-жек өткізеді. Ақтық кездесулер 30-31 тамыз аралығында өтеді.

Наверх