Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Бар үміт боксшыларымызда: Азия ойындарында 5 отандасымыз ширек финалға өтті

27 Тамыз, 2018

 Әлі де рингке шықпаған былғары қолғап шеберлеріміз тас түйін дайын отыр

 Өзі Азияның оңтүстігі болса, өзі күн шығыста орналасып, жан-жағын мұхиттар мен теңіздер алып жатса Индонезия ыстық болмай қайтсін. 5 ірі және 30 кішігірім (барлығы 17 508 арал) кіретін Малай архипелагы дүниежүзіндегі ең үлкен аралдар тобы шоғырланған жер деп есептеледі. Тынық мұхиты мен Үнді мұхитының түйіскен жолында болғандықтан Азия мен Аустралия құрлықтары арасына көпір болып отыр. Ауасы ылғалды, климаты ыстық. Суы да бөлек, тағам әзірлеудегі ерекшелікті бірден аңғарасыз. Жанартауы жалындаған Суматра сияқты аралдары бар елдің климатына бейімделудің өзі ерлік. Қазақстан ұлттық командасы жарыс басталмай тұрып ел астанасы Джакарта (10 млн. адам) шаһарына ертерек жетіп, Азия ойындарының ашылу салтанатына да қатысты. Осылайша жергілікті климатқа құрама мүшелері әбден бойын үйретті десе болады.

26 тамыз күні, яғни, жексенбіде 4 жерлесіміз рингке шықты. Асланбек Шымбергенов (69 кг) турнирдегі екінші кездесуінде Пәкістан Ислам Республикасынан келген Гүл Заибты тізе бүктірді.

Назым Қызайбай (51 кг) өзінің алғашқы кездесуін уақытынан бұрын аяқтады. Техникалық басымдықты бірден аңғарған төреші 1 раундтың ортасында белдесуді тоқтатты. Ширек финалда боксшымыз Тайбэйден келген Лин Юлинмен былғары қолғап түйістіреді.

Азат Махметов (52 кг)оңтүстік кореялық Инк Кимді жеңді. Қарсыласы Азия чемпионатының бұрынғы күміс жүлдегері, өте мықты спортшы. Махметов 4:1 есебімен ширек финалға өтті.

Саматәлі Толтаев (60 кг) болса тайбэйлікті ұтып ол да ширек финалға жолдама алды.

Осылайша Сәния Сұлтанқызымен бірге есептегенде 5 боксшымыз жартылай финалға өту үшін жұдырықтасады. Әлі жарыс төріне шықпаған 5 спортшымыз өз кезектерін күтуде.

Наверх