20 сәуірде Алматы облысы бокс федерациясының есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, онда ұйымның жаңа президенті сайланды.
Федерацияның бүгінге дейінгі президенті Бауыржан Оспанов өз еркімен қызметінен босады. Ұйымның жаңа президенті болып Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымындағы Жақсылық Омар сайланды.
Бауыржан Оспанов Алматы облыстық бокс федерациясын 2009 жылдан басқарды. Осы кезең ішінде өңірдегі боксты дамытуға қомақты үлес қосып, боксқа дайындайтын спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының нығайтылуына, ауқымды көлемдегі турнирлердің өткізілуіне ықпал етті.
Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Талдықорған облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған.
2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бітірді.
2016 жылдың қараша айынан Алматы облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істейді. Спорт және дене шынықтыру саласына жетекшілік етеді. Алматы облысы бокс федерациясының президенті міндетін қоғамдық жұмыс негізінде жүзеге асыратын болады.