Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Ермахан Ыбырайымов: Біздің боксшылардың көзінде намыс оты жанып тұрды

07 Қыркүйек, 2017

Бокстан олимпиадалық даярлау орталығының директоры, бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Гамбургте өткен әлем чемпионатының қорытындысы жөнінде пікір білдіріп, қазақ боксына Мырзағали Айтжановтай еңбек сіңірген ешкім жоқ екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

- Ермахан Сағиұлы, бокстан Олимпиада чемпионы, маман ретінде Гамбургте өткен әлем чемпионатына қандай баға бересіз?

- Мен осы бокстың ішіне кіріп кеткен адаммын. Сондықтан, әр жекпе-жекті қалт жібермей бақылап отырдым. Жалпы, барлық боксшыларымыздың жекпе-жектеріне көңілім толды. Барлығы өте жоғары деңгейде жұдырықтасты.

- Яғни, бұл біріншіліктегі нәтижеге - 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға көңіліңіз толды ғой...

- Өздеріңіз білесіздер, Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кейін ұлттық құрама жаңарып, жаңа мүшелер келді. Құрамада көптеген өзгерістер болды. Бұрыннан құрамада жүрген танымал боксшылар әр жаққа кетті. Жаңадан жасақталған жас құрамамен барып, 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алу - бұл үлкен жетістік. Бұл құрамда Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко сияқты бұрынғы серкелер жоқ. Соның өзінде бір әлем чемпионатында 6 медаль алып қайту үлкен жетістік деп есептеймін.

- Осы жас боксшылардың ішінде кімге көзіңіз түсті? Қайсысының болашағынан көп үміт күтуге болады?

- «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын...» деген сияқты әр боксшы әліне қарай шапты. Ешкім аянып қалған жоқ. Менің бір байқағаным, біздің боксшылардың көзінде от жанып тұрды. Бұл - жеңіске деген құштарлық. Ол от - намыстың оты. Намыс бар жерде жеңіс болады. Сондықтан ешкімді бөле жармаймын. Барлығының болашағы зор боксшылар.

- Соңғы кездері қазақ-өзбек боксы текетіресі, бәсекелестігі туралы жиі айтылып жүр. Өткен жылы Олимпиада ойындарында да, биылғы Азия чемпионаты мен әлем чемпионатында да өзбек боксшылары алдымызды орап кетті. Бұл туралы не айтар едіңіз...

- Өзбек боксшылары бір-екі додада бізден асып кетті деп қынжылудың қажеті шамалы. Бірақ, бәсекелескен дұрыс. Риода өздеріңіз білесіздер, бокс жарысы ең үлкен дау тудырды. Оны қайталаудың қажеті жоқ. Ал Азия біріншілігі Өзбекстанда өтіп, олар бар алтынды өздері алып қойды. Ал өзбек боксшылары соншалықты мықты болса, неге әлем чемпионатында 8-9 алтын ала алмады? Мәселені басқа қырынан қарау керек. Азия біріншілігінде біздің боксшыларды ірі есеппен ұтқан өзбектер әлем чемпионатында қазақстандықтардан ұтылып қалды. Бұл Азия біріншілігінде төрешілердің жарыс қожайындарына шектен тыс болысқанын анық көрсетіп берді. Біздің жаңа құрам жас. Енді тәжірибелері толысып, күш-қуаттары артады. Көп ұзамай көршілерімізді сан соқтыратын сәт туады әлі. Бір ғана мысал, осы біріншілікте чемпион атанған Қайрат Ералиевтен басқасының барлығы жас буын. Тіпті, Қамшыбек Қоңқабаев, Әбілхан Аманқұл сияқты финалға дейін сүрінбей жеткен боксшыларымыз әлем біріншілігіне тұңғыш рет қатысып тұрып, күміс жүлдегер атанды. Финалға дейін талай Олимпиада, Еуропа, құрлықаралық чемпиондар мен жүлдегерлерді жарыс жолынан шығарды. Міне, бұл қазақ боксының жарқын болашақтары бар екенін көрсетті.

- Бізде «69» келі «қазақтың» салмағы атанып кеткенін білесіз. Бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов қола жүлдегер атанды. Болашағынан үміт күттіретін боксшылардың бірі. Мұны айтып отырғаным, жақында Данияр Елеусінов ұлттық құрамаға қайта оралатынын айтты. Ол келсе, қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Алда бокстан Қазақстан біріншілігі өтеді. Сонда кім жеңімпаз атанса, сол көшбасшылықты қолына алады. Негізі бокста кім мықты, сол ұлттық құраманың нөмір бірінші боксшысы атанады. Бас бапкеріміз Даниярды Олимпиада чемпионы екен деп бір жыл үзілістен соң жайдан-жай құрамаға қабылдай салмайды. Ол өзін ел біріншілігінде дәлелдеуі керек.

- Кез-келген жеңіс пен жетістіктің артында үлкен еңбек жатады. Боксшыларымыздың осындай жетістікке жетуіне ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың еңбегін айтпай кету мүмкін емес...

- Әрине, Айтжанов қазақ боксының маңдайына біткен жарық жұлдыз деп айтсам, артық айтқаным болмас. Кімде-кім сұраса да, қазақ боксына Айтжановтан артық еңбек сіңірген ешкім жоқ деп айтар едім. Ол Лондон Олимпиадасының алдында қазақ боксының тізгінін ұстады. Содан бері екі Олимпиада ойындары өтті. Екеуінде де олжамен оралды. Өзге халықаралық, әлемдік додалар өтті. Айтжанов өзі бастап барған кез-келген жарыстан қанжығасы майланбай қайтқан кезі болмады. Осы еңбегінің арқасында Айтжановты АИБА екі жыл қатарынан әлемнің ең үздік бапкері атағымен марапаттады. Мүндай құрметті АИБА кез-келген бөріктіге бере бермейді.

 inform.kz

 

Наверх