Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Гүлзада Құдайбергенова: «Қайрат өте қайсар, айтқанынан қайтпайтын бала болып өсті»

10 Қыркүйек, 2017

Бокстан әлем чемпионы атану — кез келген спортшының басына бұйыра бермейтін бақ. Гамбург төрінде қазақтың әнұранын әуелетіп, көк туын биікте желбірету бақыты жерлесіміз Қайрат Ералиевке бұйырды.

 Осы орайда әлем чемпионның анасы баласы Қайрат туралы ерекше толғаныспен сөйледі.

«Қайрат өте қайсар, айтқанынан қайтпайтын бала болып өсті. Жеті ұлымның кенжесі еді. Әкесі марқұм да оның спорт саласын таңдағанын қалады.

Ет жүрегім езіліп отырып, әрбір жекпе-жегін көрдім. Жарыс алдында «Апа, мен өз салмағымдағы нөмірі бірінші спортшы өзбек боксшысын жеңсем болды, қалған қарсыластарымды оңай ұтамын» деген еді.

Төреші Қайратымның қолын көтергенде төбем көкке екі елі жетпей қалды. Көшеге атып шығып, ұлымның атын айтып айқайладым. Жаратқан ием қолдап, ұланым қалған қарсыластарының бәрін ұтты. Елдің халықтың мерейін үстем етті»,  — дедi анасы Гүлзада Құдайбергенова.

dodasport.kz

Наверх