Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Жаңа маусым жеңіспен басталды

16 Қараша, 2013

 Бүкіләлемдік бокс сериясының төртінші маусымын Алматыда өткізген «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы алғашқы жекпе-жектерін сәтті бастады. Әзірбайжанның «Баку оттары» командасымен шаршы алаңға шыққан арландар қарсыластарын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

 49 келі: Әнуар Мұзафаров – Хамза Наметов – 0:3 (47:48, 47:48, 46:49)

«Арландар» сапына биыл ғана қосылған Әнуар Мұзафаров тұсаукесер жекпе-жегін жеңіліспен бастады. 21 жастағы Мұзафаров бес раундқа созылған кездесуде Әзірбайжан клубының өкілі Хамза Наметовтен ұпай санымен ұтылып қалды. Әнуардың қарсыласы да Бүкіләлемдік бокс сериясының жарысына бірінші рет қатысып тұрған боксшы. Десек те, физикалық жағынан қазақстандық боксшыдан әлдеқайда биік болған Хамза Наметов әр раудты сауатты өткізіп, жеңісті өз жағында қалдырды. Қапталдағы төрешілер де жеңісті бірауыздан әзірбайжандық боксшыға ұстатты. Осылайша, алғашқы бәсекеде «Баку» боксшылары 1:0 есебімен алға шықты.
 
 
56 келі: Бағдат Әлімбеков – Магомед Курбанов – 3:0 (49:46, 48:47, 48:47)
 
Былтыр «Украина атанмандарымен» болған финалдық бәсекеде «арландардың» даңқын аспандатқан Бағдат Әлімбеков бұл жолы да намысты қолдан бермеді. Бес раунд бойы қарсыласын жойқын соққының астына алған Әлімбеков екі команда арасындағы есеп айырмасын теңестірді. Бағдат алғашқы екі раундта өте жақсы жұдырықтасты. Қарсыласынан қаймықпаған оның соққылары да діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Дегенмен, отандасымыз үшінші раундта сәл тізгін тартты. Осыны пайдаланған Магомед Курбанов әдемі шабуылдар ұйымдастырып, үшінші раундты өз пайдасына шешті. Қалған екі раунд Бағдаттың жеңісімен аяқталды. «Астана арландары» таразы басын теңестірді – 1:1.
 
 
64 келі: Асқат Уалиханов – Осман Әлиев – 3:0 (49:46, 49:46, 50:45)
Бүкіләлемдік бокс сериясындағы алғашқы жекпе-жегін өткізген Асқат Уәлиханов қарсыласынан қаймыққан жоқ. Әзірбайжандық Осман Әлиев Асқатқа қарағанда бұған дейін кәсіпқой бокстың «дәмін татып», тәжірибе жинақтаған боксшы болатын. Былтыр ол өз клубының сапында екі жекпе-жек өткізген-ді.
Жекпе-жек толығымен Асқаттың басымдығымен өтті десек, артық айтқанымыз емес. Бес раунд бойы шабуылда тыным таппаған отандасымыз Әлиевті бұрыштан-бұрышқа қуалап жүріп, ақыры дегеніне жетті. Төрешілер де жерлесіміздің жеңісіне күмән келтірген жоқ. Асқатты осы жекпе-жектің жеңімпазы деп таныды. Осыдан кейін «Астана арландары» жалпы есепте алға шықты – 2:1.
 
 
75 келі: Сергей Деревянченко – Николай Веселов – ТКO4R
 
 
«Астана арландарының» сапындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі Сергей Деревянченко бұл жекпе-жекте жеңіске жететініне ешкім де күмәнданбаған еді. Өйткені, кездесу бастала салысымен-ақ, Сергейдің басымдығы анық байқалған. «Арландардың» қатарындағы украиналық легионер бұған дейін шаршы алаңға 20 рет шығып, соның 19-ында жеңіске жеткен өте тәжірибелі боксшы. Николай Веселов та осал емес еді. Ол соңғы екі маусымда әзірбайжандық клубта жеті жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтаған. Бірақ, қанша мықты дегенмен Веселов Деревянченконың  ауыр соққыларына төтеп бере алмады. Үш раунд бойы қарсыласын төмпештеген Сергей төртінші раундта Веселовты құлатуға шақ қалды. «Арланның» ауыр соққысынан есеңгіреп қалған әзірбайжандық боксшы жеңілісін мойындап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Сергейдің бұл жеңісі «арландарды» мықтылығын одан ары нақтылай түсті – 3:1.
 
91 келі: Василий Левит – Абдулқадыр Абдуллаев – 3:0 (47:45, 47:44, 48:45)
91 келі салмақта күш сынасқан Василий Левиттің жекпе-жегін жанкүйерлер асыға күтті. Әуесқой бокста жүріп, Азия чемпионатында топ жарған отандасымыздың көрсеткіші соңғы жылдары төмендеп кеткен болатын. Дегенмен, Левит бабына қайта еніпті. Абдулқадыр Абдуллаевпен шаршы алаңға шыққан ол қарсыласын бірінші раундта-ақ, есінен тандыра ұрып, нокдаунға түсірді. Бұдан кейін Абдуллаев жөні түзу өнер көрсете алмады. Бес раунд бойы қашқақтап, құлап қалмаудың амалын қарастырған әзірбайжандық боксшыға төрешілер де төмен ұпай берді. Бұл жекпе-жекте Левит сөзсіз жеңіске жетті.
Енді «Астана арландары» 23 қараша күні Ресейдің «Russian Boxing Team» клубымен шаршы алаңға шығады. Ресейлік боксшылар алғашқы жекпе-жекте Польша командасын 5:0 есебімен ұтты. Ал, Бүкіләлемдік бокс сериясының жарысына биыл ғана қатысып тұрған «Куба қабыландары» Мексикада жергілікті команданы  5:0 есебімен ойсырата жеңді. 
 
 
  
Сергей Корчинский, «Астана арландары» клубының бас бапкері
 
 

Шынын айтқанда, дәл осындай нәтижені күткен жоқпын. Қарсыластарымызды 3:2 есебімен жеңетін шығармыз деп ойлағанмын. Биылғы жылы қатарымызға қосылған жас боксшылар өте көп. Олардың ішінде бүгінгі жекпе-жекке үш боксшымыз шығып, оның екеуі жеңіске жетті. Бұл дегеніміз, өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен, боксшыларға айта уәжім де бар. Бізге тактикалық жағын да, физикалық жағын да күшейтуіміз керек. Мәселен, алғашқы жекпе-жекте жеңілген Мұзафаровқа біраз тәжірибе жинау қажет. Василий Левит жақсы жұдырықтасты. Әсіресе, соңғы раундтағы өнері маған қатты ұнады. Енді аталған кемшіліктерімізді алдағы уақытта дұрыстауға жұмыс істейтін боламыз. 

Наверх