Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Мырзағали Айтжанов: «Жігіттер берілген тапсырманы толық орындай алмады»

06 Мамыр, 2017

Азия чемпионатында бақ сынап жатқан тағы бір боксшымыз ақтық сынға өтті. Азия чемпионатының жартылай финалдық кездесулері аяқталған соң, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановты әңгімеге тартқан едік: 

– Мырзағали Құланұлы, жартылай финалға шыққан 8 боксшыдан тек 4-еуі ғана финалға жолдама алды. Осындай нәтижені күттіңіз бе? 

 

– Жігіттер берілген тапсырманы толық орындай алмады. Әйтпесе, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізер едік. 

 

– Қалай ойлайсыз, төрешілер 64 килода сынға түскен Бекдәулет Ибрагимовке әділетсіздік жасаған жоқ па? 

 

– Кез-келген боксшы мықты екенін рингте дәлелдеу керек. Бұл кеште Бекдәулетті жеңілді деп айта алмаймын. Бірақ, ол да тапсырманы толық орындамады. Ол кіммен жұдырықтасатынын білді. 

 

– Қабағы жарылған Абылайханның жағдайы қалай? 

 

– 7 мамырға дейін жарақаты тәуір болып қалады деп үміттенемін. Абылайхан бүгін жақсы ұрысқанымен, көп қателіктерге бой алдырды. Финалда олай жұдырықтаспауы керек, қарсыласына жаңа тактикалар ойластыратын боламыз. 

 

– Финалдық айқаста кімдерден үміт күтесіз? 

 

– 91 килодағы Василий Левиттен басқасы өзбек боксшыларымен рингте өзара мықтыны анықтайды. Сондықтан да чемпион боламын дегендер сол күні жанын салып айқасуы керек. Біздіңше, 69, 81 және 91 кило салмақтағылардың жеңіске жету мүмкіндіктері жоғары. Ал аса ауыр салмақтағы Қамшыбек өз-өзін қамшыласа, ол да чемпион болып кетуі әбден мүмкін. 

 

– Чемпионат алдындағы жоспарларыңыз орындалды ма? 

 

– Оны айту әлі ерте. Бізге ең бастысы әлем чемпионатына жолдама алу. Алда ширек финалда сүрінген екі боксшымыз жолдама үшін талас жүргізеді. Германияға толық құраммен барып жатсақ, жоспарымыздың бірі орындалды деуге болады. 

 

Әңгімелескен  Алмас МАНАП, 

 

«Егемен Қазақстан»,

 

Ташкенттен.


egemen.kz

Наверх