Өзі үшін жаңа салмақ, 81 келіде Азия чемпионатында бағын сынап жатқан Қазақстандық боксшы Ерік Әлжанов алғашқы кездесуі туралы айтып берді.
Ерік Әлжанов алғашқы кездесуінде Қырғызстандық Еркін Әділбекуулын жеңген болатын.
- Ерік жеңісің құтты болсын! Алғашқы кездесуің қалай өтті?
- Рахмет! Шынымен бұл менің жаңа салмақтағы алғашқы кездесуім. Сол себепті қиын болды. Қалай жеңіске жеттім? Өз-өзімді көрсету мақсатым болды. Жаттықтырушыларым айтқандай барлығын орнымен жасадым.
- Қарсыласыңды жақсылап зерттей алдың ба?
- Ия. Ол физикалық тұрғыдан өте мықты боксшы. Бойы да үлкен екен.
- Қарсыласың бойы ұзын екені көрініп тұрды. Алыс қашықтықта жұмыс жасап, сені жақындатпауға тырысты. Саған жақындай келіп, соққылар жасаудың реті қалай келді?
- Барлығы дұрыс. Бастысы мен жеңіске жеттім. Келесі қарсыласым Пәкістандық боксшы. Бүгін қолданған тактикамды ертең де қолданбақшымын. Себебі Пәкістандық қарсыласым да аласа емес.
- Жаңа салмақта тұрақталып қалу ойыңда бар ма?
- Дәл қазір ештеңе айта алмаймын. Бұны жаттықтырушыларыммен бірге отырып шешеміз. Қай салмақта оңай? Бұны бірінші жекпе-жектен кейін айту қиын.