Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландары» жетінші маусымда алғаш рет жеңіліске ұшырады. Былғары қолғап шеберлеріміз Ташкентте Өзбекстан командасына жол берді.
Талдықорғандағы бірінші кездесуде жерлестеріміз 4:1 есебімен басым түскен еді. Ол кезде де көршілеріміз мықты құраммен келген. Арасында Олимпия ойындарының жүлдегерлері болды.
Ринг иелері бұл жолы сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Тіпті, жекпе-жек алдында Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Хасанбой Дусматов 5:0 есебімен ұтамыз деп сұхбат та берді. Дусматовтың бұл пікірімен Антон Пинчук қана келіскен жоқ. Қалғаны жаппай жеңілді.
Алдымен шаршы алаңға 64 килодағы боксшылар көтерілді. «Арландардың» намысын Ділмұрат Мижитов қорғады. Ол Өзбекстанда тұратын этникалық қазақ Елнұр Әбдірайымовпен жолықты. 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері болып саналатын Әбдірайымов біздің Мижитовке еш мүмкіндік бермеді. Төрешілер бірауыздан Елнұрдың жеңісін мойындады (45:50, 46:49, 47:48).
Екінші жұпта (56 килоға дейін) жұдырықтасқан Ілияс Сүлейменов те Абулхай Шаратовтан айласын асыра алмады – 0:3 (47:48, 47:48, 45:50).
Ал 75 килодағы өзбек боксшысы Исроил Мадримов біздің Сапарбай Айдаровтың осал тұсын тауып, командасына үш ұпай сыйлады. Қорытынды есеп – 0:3 (45:50, 45:50, 46:49).
Қазақстан командасының жалғыз жеңісі Антон Пинчукке тиесілі. Биылғы маусымда үшінші рет шаршы алаңға шығып отырған Антон өз салмағындағы рейтингте көш бастап тұр. Бұл жолы ол Зухриддин Махкамовты оңай жеңді. Қорытынды есеп – 3:0 (50:45, 50:45, 49:46).
Соңғы болып шаршы алаңға Рио Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Хасанбой Дусматов пен қазақ боксшысы Теміртас Жүсіпов көтерілді. Төрешілер Дусматовтың жеңісіне еш күмән келтірмеді. Сөйтіп, 4:1 есебімен өзбек командасы «Арландардан» есе қайтарды.