30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан Азия чемпионаты өтеді.
Бүгінде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысындағы АИБА-ның Дүниежүзілік бокс академиясында жаттығу жұмыстарын өткізіп жатыр. Команданың дайындағы, алға қойған мақсаты туралы бас бапкер Мырзағали Айтжанов пікір білдірді.
«Қазір Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Дайындық 8 сәуірге дейін жалғасады. Ал 15 сәуірден бастап Астанада жалғастыратын боламыз», – деді Мырзағали Айтжанов sports.kz басылымына берген сұхбатында.
«Соңғы рет Германияда «кіші әлем чемпионаты» саналатын «Chemistry Cup» турнирінде боксшыларымыз үлкен жетістіктерге жетті. Дегенмен, дәл осы жарыстан қателіктерімізді де байқадық. Алдағы уақытта осы кемшіліктеріміздің орнын толтыруымыз керек. Ал алдағы аптадан бастап техникалық-тактикалық шеберліліктерін дамытумен айналысамыз», – деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Осыған дейін 81 келі салмақтағы Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы жарақаттарына байланысты Азия чемпионатына қатыса алмайтынын айтқан едіңіз. Олардың орнын кім баспақ?
«Әзірге бұл жөнінде нақты бір шешім қабылдамадық. Алдағы уақытта бапкерлер құрамымен осы мәселені талқылайтын боламыз. 75 келідегі жігіттеріміздің бірі салмағын көтеруі де мүмкін. 81 келіде Бекзат Нұрдәулетов пен Бек Нұрмағанбет деген екі боксшымыз бар. Жастар арасындағы әлем чемпионатында деңгейлерін байқадық. Оларды да назарға аламыз», – деді ол.
Қазір 75 келіде Ташкентте өтетін жарысқа Тұрсынбай Құлахмет, Ерік Әлжанов, Әбілхан Аманқұл үміткер атанып отыр. Олар түрлі халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болды. Ал бапкерлер алқасы бұл жолы кімге таңдау жасап отыр?
«Түрлі нұсқаларды қарастырып отырмыз. Міне, осы жігіттердің бірін 81 келіге көтеруіміз мүмкін. Екі оқу-жаттығу жиыны өткеннен кейін деңгейлеріне байланысты шешім қабылдаймыз. Айдың соңында Азия чемпионатына қатысатын боксшылардың тізімі жарияланады», – деді Айтжанов.
Ұлттық құраманың бас бапкері Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит жайлы пікір білдірді.
«Василий 60-70%-ға дайын. Алдағы жиындардан кейін бәріне дайын болады деп сенемін. Әрине, өз басым Ташкентте өтетін жарыста Левиттен тек қана алтын жүлде күтемін», – деді.
Жеңіл салмақта ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтаған Біржан Жақыповтың орнын ұлттық құрамада кім басуы мүмкін?
«Қазір екі жас спортшының деңгейін бақылап отырмыз. «Астана Арландары» сапында жүрген Теміртас Жүсіпов те бар. Сонымен қатар, осы салмақта ел намысын Ержан Жомарт, Шалқар Айқынбай, Асқат Жүсіпов сынды былғары қолғап шеберлері қорғауы мүмкін», – деді.
«Азия чемпионатында басты қарсыласымыз өзбек боксшылары болатыны сөзсіз. Дегенмен, өзге елдің боксшыларын назардан тыс қалдыруға болмайды. Кей салмақтарда Қырғыз жігіттері де мықты. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қытай, Оңтүстік Корея, Филиппин, Тайланд, Иран сынды мемлекеттерде бокс қарқынды түрде дамып келеді», – деді Мырзағали Айтжанов.
«Ташкентке үлкен мақсат қойып барамыз. Бірақ Рио Олимпиадасында өзбек боксшыларына кеткен есемізді қайтару басты жоспарымыз. Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына жаңартылған құраммен барады. Олимпиадаға қатысқан екі боксшы ғана баруы мүмкін. Жанкүйерлерімізді қуанту үшін барымызды саламыз», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.