Қазақстан тарихында осымен екінші рет бокстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарына барлық салмақ дәрежесі бойынша қатысатын болады. Риодағы әлемдік спорт додасы еліміздің атынан 10 спортшы қатысады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық олимпиада комитетінің деректеріне сүйенсек, 1996 жылы Атлантада – 8, 2000 жылы Мельбурнда – 7, 2004 жылы Афинада – 8, 2008 жылы Пекинде – 10, 2012 жылы Лондонда – 9 былғары қолғап шебері өнер көрсеткен екен.
Қытайдың Цяньан қаласында өткен Азия және Мұхиттық елдері арасындағы квалификациялық олимпиадалық турнир қорытындысы бойынша біздің 6 боксшы жігітіміз лицензияға қол жеткізді. 75 келі салмақта Дариға Шәкімова 1 жолдама алды.
Бұған дейін тағы 4 боксшымыз – Данияр Елеусінов, Василий Левит, Біржан Жақыпов және Берік Әбдірахмановтар лицензия алған болатын.
Сонымен, бүгінгі таңда бокстан Қазақстан құрамасы 10 лицензияға қол жеткізіп, Риода барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсететін болды.
«Біз боксшыларымызды жекпе жектерін бақылап отырдық. Қазақстанның бокс мектебі әлемдегі ең мықты мектептердің бірі екенін тағы бір дәлелдеді. Ұлттық құрама алдарына қойған мақсатқа жетті, лицензияның толық жиынтығын алды. Бұл үлкен жетістік! Енді боксшыларымызға Олимпиадада ақ жол тілейміз!» - дейді ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасов.
Қыздар арасында 52 және 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өз елімізде өтетін біріншілікте тағы екі лицензияға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Әлем чемпионаты Астанада 19-27 мамыр аралығында өтеді. Осы бәсекеде әр салмақта 4 лицензиядан ойнатылады.