Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

А.Мұхамедиұлы бокстан ҚР ерлер құрама командасын құттықтады

06 Маусым, 2016

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы олимпиада лицензияларын түгел жеңіп алған бокстан ҚР ерлер құрама командасын құттықтады.

Қытай Цяньань аймағында өткен бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия және мұхит елдер арасындағы олимпиадаға іріктеу турнирінде бокстан Қазақстан ерлер құрамасы олимпиадаға берілетін 10 жолдаманы түгендеп алды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

 

 
«Сіздер еліміздің атын бүкіл әлемге танытқан даңқты қазақ бокс мектебінің түлегісіздер. Тынымсыз еңбек пен қайсар мінездің нәтижесінде сіздер толағай табысқа қол жеткізіп, бұйыртса Рио-де-Жанейро олимпиадасында жасындай жарқылдап жүлделі оралатындарыңызға кәміл сенемін. Бұл жолы тәуелсіздік алғаннан бері тұңғыш рет бокстан ерлер құрамасы олимпиада додасына толық құрамда 10 салмақ дәрежесінде бармақ, бұл біздің үлкен жеңісіміз, бокста көшбасындағы мемлекет екеніміздің айқын дәлелі.
 
 
 
Сіздерге зор табыс, жарқын жеңіс пен темірдей денсаулық тілегім келеді! Ел намысын, ер намысын қолдан бермейтіндеріңізге сенімім мол!» делінген министрдің құттықтау жеделхатында.
 
 
 
Еске сала кетейік, біздің ұлттық құрама алғаш рет олимпиада ойындарына толық құрамда бармақ. Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметтеріне сәйкес, бұған дейін ерлер құрамасы 1996 жылы Атлантаға 9 боксшымен, 2000 жылы Сиднейге 7 боксшымен, 2004- жылы Афинаға 8 боксшымен, 2008 жылы Бейжің олимпиадасына 9 боксшымен, ал 2012 жылы Лондон олимпиадасына 9 боксшымен барған болатын. Азия және мұхит елдері арасында өткен іріктеу жарысында ел қоржыны 7 жолдамамен толықты, оның біреуін қыздар арасында сынға түскен Дариға Шәкімова иеленген (75кг). Ерлер құрамасынан жолдама алғандар Олжас Сәттібаев (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Иван Дычко (+91 кг).
 
 
 
Бұған дейін 4 жолдаманы Данияр Елеусінов (69 кг) Дохада өткен әлем чемпионатында, Василий Левит (90 кг) - WSB жобасында, Біржан Жақыпов (49 кг) и Берік Абдрахманов (60 кг) -AIBA Pro-Boxing жобасында алған болатын.
 
Осылайша ұлттық құрама қоржыны ерлер боксынан толықтай 10 олимпиада жолдамасымен қамтылса, қыздар боксында әзірге 1 жолдама бар, қалған 2 жолдаманы боксшы қыздарымыз Астанада өтетін әлем чемпионатында еншілеуге тырысады.
 
 
ҚазАқпарат
Наверх