Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бағдат Оңғарбеков Атырауда өткен ел чемпионатын қорытындылады:
Азия және әлем чемпионаттарына іріктеу болып табылатын бұл біріншілікке еліміздің барлық аймағынан 219 боксшы қатысты. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Маңғыстаулық Расул Халиф (50 келі) үздік боксшы деп танылды.
Түркістан облысы 5 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль еншілеп, топ жарды. Бұл аймақтың боксшылары табиғи физикалық тұрғыда мықты болып тұр. Отын шауып, үй шаруасын жасап өскен ауылдың балалары. Физикалық тұрғыда бір бас жоғары екенін көрсетті.
Алдағы уақытқа жоспар өте көп. Біріншіден, шетелде бірнеше бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізгіміз келеді. Жыл басында Алматы облысында жалпы физикалық дайындық жүргізіп, әрі қарай жаңадан жасақталған құрама өзге елдердегі және Қазақстандағы жарыстарға қатыса бастайды.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - "Самұрық Қазына" АҚ, серіктес - "Sport Qory" туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.