«Қазақстандық бокс федерациясы» қауымдастығы Алматыда өткен "Конфедерация Кубогы" республикалық турнирінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ағымдағы жылы еңбекте ерекшеленген жандарға да құрмет-қошемет көрсетті.
Биыл 5 мәрте ел біріншілігін жеңіп алған боксшымыз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Теміртас Жүсіповтың (49 келі) еңбекқорлығы елеусіз қалмады. Ақмола облысы спортшысының жетістігі көпшілікке, әсіресе жастарға үлгі болсын деген ниетпен саңлағымызға "Жылдың үздік боксшысы" атағы берілді.
Қыздар арасында бұл жетістікке Нью-Делидегі Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Түркістан облысының өкілі Жайна Шекербекова (51 келі) лайық деп танылды.
"Үздік жас спортшы" номинациясында ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар сахнаға көтерілді. Айбек биыл Аргентинада жалауын желбіреткен III Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы болса, Нұрбек Будапештте өткен жастар арасындағы Әлем біріншілігінің жеңімпазы.
Сонымен қатар, Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Надежда Рябец пен биыл жастар арасындағы Азия және Әлем чемпионаттарын жеңіп алған Дина Исламбек "Үздік жас боксшы" атанды.
"Жылдың үздік бапкері" номинациясы Теміртас Жүсіповтың жеке жаттықтырушысы Қуанышпай Кокушев, бокстан жастар құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев пен ағайынды Оралбайлардың бапкері, астаналық Асқар Еркебаевқа бұйырды.
АИБА халықаралық дәрежедегі төрешісі (1 жұлдыз), ақмолалық Арман Бүркітбаев жылдың үздік төрешісі деп танылса, Астананың бокс федерациясы 2018 жылдың ең озық өңірлік федерациясы аталды.
Төреші Серік Әбденәлиев қазақ боксының 85 жылдығына орай, «Қазақстан боксын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы әрі төреші Борис Цхвирашвилиге, Виктор Демьяненконың бапкері Рақымжан Сыдықовқа, сондай-ақ, Евгения Зайцева, Александр Аникин, Хамит Бараев, Давид Костоев, Әбдірәшид Әбдірахманов сынды бокс майталмандарына алғыс хаттар табысталды. Соңғысы екі дүркін КСРО чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын тұңғыш иеленген қазақстандық болып саналады.