62-ші рет байрағын желбіреткен додаға әлемнің 23 елінен 160-қа жуық боксшы қатысты. Қазақ боксшылары да мажар елінің шаршы алаңында бақ сынап, жоғары нәтижеге қол жеткізе білді.
56 кг-ға дейінгі салмақта финалға шыққан Ілияс Сүлейменов жарыс жеңімпазы атанды. Отандасымыз шешуші жекпе-жекте чех боксшысы Мирослав Горольді жеңді. Жастар арасында Азия чемпионы атанған Саматәлі Төлтаев (64 кг) ересектер арасындағы ең алғашқы халықаралық жарысында-ақ жеңімпаз атанды. Ол финалда моңғолдың тәжірибелі былғары қолғап шебері Чинзориг Баатарсуктан айласын асырды. Үшінші алтын медальды 69 кг-ға дейінгі салмақта жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов иеленді. Ол финалда шаршы алаң иесі Андрас Вадашты жеңді.
Ұлттық құрама қоржынына түскен күміс жүлдені Айболды Дәуренұлы (+ 91 кг) иеленсе, Абай Төлеш (75 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
3 алтын 1 күміс 2 қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Венгрия боксшылары (2 алтын 1 күміс 6 қола) екінші орынды иеленді. Үздік үштікті 1 алтын 1 күміс еншілеген Беларусь елінің боксшылары түйіндеді.
Қазақ боксшылары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан "Иштван Боскай" турниріне жыл сайын қатысып келеді. Биыл соңғы 3 жылдағы үздік нәтижесіне қол жеткізді. Айта кететін болсақ, 2015 жылы – 1 алтын 2 қола, 2016 жылы – 1 алтын 3 күміс, 2017 жылы 1 алтын 1 күміс 2 қола медаль еншілеген еді.
Бокстан Қазақстан құрамасы үшін 2018 жылдың басты жарысы – тамыз айында Джакартада (Индонезия) өтетін Азия ойындары. Оған дейін қазақстандық боксшылар Болгария (Странджа турнирі), Финляндия (Gee Bee турнирі), Польша (Феликс Штамм турнирі), Әзірбайжан (Жібек жолы) елдерінде өтетін халықаралық турнирлерге қатысады.