Әйелдер арасында бокстан биылғы Азия чемпионаты Хошимин (Вьетнам) қаласында өтеді.
Жарыс өткізуші елдің, сондай-ақ Үндістан, Қазақстан және Өзбекстан командалары толық құрамын жариялады.
«Тіркеу ережелеріне сәйкес, әйелдер арасындағы құрлық біріншілігіне 22 елден 118 спортшының қатысуы жоспарланып отыр. Соңғы төрт чемпионаттың динамикасына қарап Азияда әйелдер боксының айтарлықтай дамыған көруге болады. Турнир дебютанттарын да ерекше атап көрсеткен орынды, олар - Камбоджа, Лаос, Мьянма, Сингапур командалары», - дейді Азия бокс конфедерациясының атқарушы директоры Бағдәулет Төреханов.
Еске сала кетсек, 2008 жылы Үндістандағы жарысқа құрлықтан 79 спортшы, 2010 жылы Қазақстанда өткен біріншілікте 16 елден 84 боксшы, 2012 жылы Моңғолияда 17 елден 82 спортшы, ал 2015 жылы Қытайда өткен жарысқа 16 елден 96 спортшы қатысқан болатын.