Қазақстанның алғашқы медальдары
28 Қыркүйек, 2014
Бүгін Азиаданың жарыстарында Қазақстан боксшыларының алғашқы жеңімпаздары белгілі болды.
Жайна Шекербекова (51 кг) мен Марина Вольнова (75 кг) өз айқастарында жеңіп шығып, Ойынның жартылай финалына шықты да өз медальдарын қорғап алды. Шекербекова ҚХДР-дің 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Хянгми Риді 3:0 есебімен жеңсе, Вольнова осындай есеппен вьетнамдық Нунг Лені басып озды.
Айта кету керек, спортшыларымыздың екеуі де ертеректе Азиада медалистері болған жоқ.
Бағдарламаның ерлер бөлімінде әлем чемпионы Біржан Жақыпов (49 кг) 1/8 финалда пакистандық Мухубиллахтан 3:0 есебімен басым түсті.
Ал Айдар Әмірзақов (64 кг), өкінішке орай, тәжірибелі қырғыз боксшысы Эрмек Сакеновтен жеңіліп қалды. Инчхон, Әмірзақовтың үш жыл бұрын Азия чемпионы атағын алған қаласы, бұл жолы оны дұрыс қабылдамады.