Қазақстандық
бокс федерациясыkfb.kz

Жаңалықтар

Төртінші жыл қатарынан төрттікке кірді

06 Сәуір, 2014

«Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалына жолдама алды. Сенбі күннің кешінде Германия боксшыларымен қолғап түйістірген «арландарымыз» қарсыластарын 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Осыдан апта бұрын екі команданың боксшылары Германияда жұдырықтасып, біздің жігіттер 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Содан да болар, жанкүйерлер бұл жекпе-жекте «арландардың» жеңісіне күмән келтірген жоқ. 52 келідегі Мирас Жақыпов бастаған жеңісті жолды командадағы басқа да жігіттер абыроймен жалғастыра білді. Әсіресе, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйерлер Руслан Мырсатаевтың өнеріне риза болды. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз осыған дейін бірде бір жекпе-жекте жеңілмеген неміс боксшысынан айласын асырып қана қоймай, жекпе-жек барысында қарсыласын ауыр соққысымен есінен тандырды.

Жалпы, бұл жекпе-жекке шыққан бес жігітіміздің де өнерін бас бармақпен бағалауға болады. 52 келі салмақта кездесудің шымылдығын ашқан Мирас Жақыпов Ронни Бебликтен әлдеқайда мықты екенін дәлелдеп, қарсыласын 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) есебімен тізе бүктірді. Бұған дейін бірде бір жекпе-жекте жеңіске жете алмай келген Беблик отандасымызға да қарсылық көрсете алмады.

60 келіде «арландардың» капитаны Самат Бәшеновтің жеңісті жолы қайта жалғасты. Соңғы кездері сәтсіз өнер көрсетіп жүрген Самат бабына енді келгендей. Ол неміс клубының өкілі Артур Брилді 2:1 есебімен ұтып, өз командасына кезекті жеңісті сыйлады.

69 келідегі Мейірім Нұрсұлтановтың да өнерін жоғары бағалауға тиіспіз. Неміс боксшысы Вячеслав Кербермен қолғап түйістірген Мейірім қарсыласына мейірімділік танытқан жоқ. Бес раунд бойы Кербердің адымын аштырмаған Нұрсұлтанов «арландарды» екі жекпе-жектің қорытындысы бойынша келесі кезеңге алып шықты. Осы жеңістен кейін «Астана арландарының» жартылай финалға шыққаны толықтай белгілі болды.

81 келі салмақта хорватиялық легионер Хрвое Сеп те бұл кеште жерге қаратпады. Ежелгі қарсыласы Серж Мишелмен шаршы алаңға шыққан Сеп неміс боксшысын ұпай санымен ұтып, есепті 4:0-ге жеткізді.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайға жиналған жанкүйерлер аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев пен Эрик Пфайфердің арасындағы жекпе-жекті асыға күтті. Эрик Пфайфер неміс клубындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі еді. Бұған дейін қарсыластарын есінен тандыра ұратын Пфайфер Мырсатаевтың алдына келгенде мысы басылып қалды. Екінші раундтың қорытындысы бойынша ұпай санымен неміс боксшысы алда тұрған-ды. Бұдан кейін Русланның кезегі келді. Үшінші раундта Мырсатаевтың ауыр соққысы діттеген жеріне дөп тиіп, Пфайфер есеңгіреп қалды. Төреші бірден есеп ашқан. Бұдан әрі Русланның шабуылы толастаған жоқ. Жекпе-жек қорытындысы бойынша бір төреші жеңісті Пфайферге берсе, қалған екі төреші жеңімпаз деп Русланды таныды. Осылайша, қарсыластарын 5:0 есебімен тас-талқан еткен «арландар» төртінші жыл қатарынан жартылай финалға жолдама алды.

Енді «Астана арландары» командасы жартылай финалда Әзірбайжанның «Баку оттары» командасымен финалдық жолдаманы сарапқа салады. Әзірбайжандық боксшылар ширек финалда Италия клубынан басым түсті. Бұл командалардың арасындағы алғашқы жекпе-жекте Әзірбайжан боксшылары 5:0 есебімен жеңсе, қарымта кездесуде Италия боксшылары үстемдік танытты – 4:1. Алайда екі жекпе-жектің қорытындысы бойынша әзірбайжандар жартылай финалға жолдама алды. Сондай-ақ, жартылай финалға Ресей боксшылары да шықты. Ресейліктер былтыр Бүкіләлемдік бокс сериясының финалында ойнаған «Украина атамандарын» ұтты. Екі жекпе-жектің нәтижесінде ресейліктер 8:2 (4:1, 4:1) есебімен жеңіске жетті. Ал жартылай финалдың төртінші жолдамасы АҚШ пен Куба боксшылары арасында сарапқа салынуда. Екі команданың алғашқы ойыны Кубада өтіп, Бостандық аралының боксшылары 5:0 есебімен басым түсті. Енді қарымта кездесу 12 сәуір күні АҚШ-та өтеді.

Наверх