«Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» жайлы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов әңгімелеп берді.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» Халықаралық турнирі – бұл жыл сайын өтетін жарыс. Құрама команда қазіргі таңда Әлем чемпионатына дайындық үстінде. Турнир дайындықтың басты кезеңі. Әлем чемпионатына қатысатын кейбір салмақтағы жігіттердің бокстасу тактикасы Кубокка қатысу барысында қойылады. Сол салмақтағы боксшылар қаралып, кімнің Әлем чемпионатына дайын, ал кімнің әзір дайын еместігі анықталатын болады. Сол себепті, биыл өтетін жарыс іріктеу турнирі.
Өз басым «Президент Кубогыне» қатысқан болатынмын. Соңғы рет 2014 жылы қатысып, жеңімпаз атанғанмын.
Турнир жан-жақтан мықты спортшыларды жинайды. Ол біздің жігіттеріміздің тәжірибесі үшін өте маңызды. Халықаралық жарыс болғандықтан шетеледік боксшылардың саны да жыл сайын артуда. Бұл дегеніміз - турнир үлкен қызығушылыққа ие деген сөз.
Мен кезінде өзім ұлттық құраманың қатарында болғанымдықтан, біздің барлық жігіттеріміз үшін жарыс барысында жанкүйер боламын. Әсіресе, жастардың жекпе-жектерін асыға күтемін. Олар – қазақ боксының болашағы. Балалардың бәрі әр салмақ дәрежесінде медаль алуға тиіс деген ойдамын. Әрине, бақ шаба ма, бап шаба ма деген сияқты чемпиондарды жарыс барысында анықтайтын боламыз. Дегенмен, кімнің қандай дайындықта болғаны да турнирде байқалады.
Осы жылғы Кубокка көрермен ретінде қатысамын. Біздің ұлттық құраманың жігіттеріне тек қана сәттілік тілеймін. Осындай үлкен қадамдарынан таймай, жолдары сәтті болса, аянбай еңбек ете берсе деген тілектемін.