Бүгін Қазақстан спортының әлемдік аренада қалыптасуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан спортшылардың құжаттары негізінде "Қазақстан чемпиондары" мұрағаттық коллекциясы ашылды. Ең алғаш боп коллекцияны Олимпиада чемпионы, Вэла Баркер кубогының иегері, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев өзінің жеке қорын ашумен толықтырды.
Сапиев қорға 90-шы жылдардағы жетістіктердің марапаттарын, мақалалар мен материалдарды, грамоталар мен дипломдарды, сондай-ақ Лондон Олимпиадасының "Турнирдің үздік спортшысы" марапатын тапсырды.
"Менің марапаттарымның үйде жатқанын қаламаймын. Оларды тек өзім көретінмін, қазір енді кез келген адам келіп, таныса алады. Коллекция әлі де толықтырылады деп үміттенемін", - деп атап өтті Серік Жұманғалиұлы.