Бүгін Астанада Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Комиссия құрамына Серік Сәпиев, Гузель Манюрова, Арман Шылманов және Елена Хрусталева енген. Жауапты тұлғалардан бөлек, жиынға нысана көздеу спортының өкілдері Андрей Могилевский мен Юлия Комендра қатысты.
Күн тәртібіндегі ең маңызды сұрақтардың бірі – Қазақстан Республикасы штаттағы құрама командаларды жасақтау тәртібі жөніндегі жоба. Талқылау барысында құжаттарды реттеуге қатысты спортшылар пікірі де есепке алынды. Ал ҚР ҰОК-нің аккредитациядан өткен базаларындағы жаттығу жиыны кезінде орын алатын тұрмыстық жағдайлар да айтылмай қалған жоқ. Айта кетелік, Қазақстан ҰОК жыл басынан бері еліміздегі спорттық базаларды тексеріп, Қазақстан аумағындағы жаттығу жиындарын сапалы түрде өткізу мүмкіндігін қарастырған еді. ҰОК спортшылардың толыққанды дайындалуына мүмкіндік беретін, материалды және техникалық базасы талапқа сай базалар тізімін жасақтады (еліміздегі мұндай базалар саны 44).
Спортшылардың карьерасы аяқталғаннан кейін оларды жұмыспен қамту мәселесі жиындағы басты сауал ретінде назарға алынды. Сондай-ақ, спортшылар арасында семинар өткізіп, оларды жұмысқа тарту жөніндегі сұрақтар да қаралды. Осы орайда, ҰОК спорттағы мансабын аяқтауға жақын және спортпен қоштасқан спортшыларға арнап арнайы семинар өткізген болатын.
Сонымен қатар, бапкерлер мен беделді спортшыларға өз спорт түрлеріндегі маңызды терминдердің ағылшын тіліндегі аудармасын оқу тапсырылды.
«Жыл соңында біз комиссия мүшелерін шақырып, спортшыларға қатысты түрлі сұрақтарды талқыладық. Олардың қатарында тұрмыстық мәселелер де бар. Басқосу өте сәтті өтті деп есептеймін. Өйткені, әрбір сұрақты талқылау барысында ешкім немқұрайлылық танытқан жоқ. Олимпиадалық комитетке ұсыныстарымызды жолдадық. Бүгін біз көтерген мәселелер шешімін тауып, Федерациялардың назарына алынады деген ойдамыз. Ең бастысы – спортшылар өздерін ыңғайлы сезіне бастайды», - дейді Серік Сәпиев.
Серік Сәпиевтің айтуынша, спортшылар Комиссиясы атлеттер мен ҰОК арасындағы алтын көпір саналады.
"Спортшылардың ұсынысы мен сауалдарын Олимпиадалық комитет басшылығына жеткіземіз. Спортшылардың бапкерге де, дәрігерге де айта алмайтын пікірлері болады. Міне, осы тұста спортшыларға арналған Комиссияның көмегі мол», - дейді ол.
Сондай-ақ, жиын барысында 2019 жылға арналған жоспарлар талқыланды. Алдағы уақытта комиссия отырысының форматына өзгеріс енбек. Бұдан былай комиссия отырысы сырт аймақтарда да өтіп, спортшылармен жиі кездесу ұйымдастырылмақ.
Еске сала кетейік, қараша айында Қазақстан ҰОК спортшылар комиссиясының мүшелері Серік Сәпиев пен Гузель Манюрова Азия спортшыларының құрлықтық форумына қатысты. Токиода өткен жиынға ХОК президенті, доктор Томас Бахтың өзі келген болатын.
ҚР ҰОҚ баспасөз қызметі