Қазақстанның әйелдер құрамасы бір күміс пен бір қола медальді қанағат тұтты
Әлем чемпионатынан екі медальмен оралдық, бірі күміс, екіншісі қола. Нью-Делиден Алматы арқылы ұшып келген әйелдер құрамасын Астананың Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында туғандары мен жерлестері, Қазақстандық бокс федерациясының өкілдері қарсы алды.
Қола медаль иеленген ақмолалық Карина Ибрагимоваға ықылас, тіпті, ерек болды. Әрқайсысы БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп, жанкүйерлермен суретке түсіп жатты. Каринаның өзі де, бапкері де қуаныштарын жасыра алмай қарсы алған көпшілікке алғыстарын төкті.
62 мемлекеттен келген 270 нәзік жан өзара бақ сынасқан биылғы дүниежүзілік дода өте тартысты өтті. Әлем елдерінде бокстың қыздар арасында аса танымал бола бастағанын осы чемпионаттағы бәсекелестік айғақтап берді.
Мысалы, 10 салмақ дәрежесі бойынша өткен әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында түркістандық Жайна Шекербекова өнер көрсеткен 51 келі салмақтың өзін ғана алып қарасақ, спортшылардың деңгейі таңқалдырады. Жартылай финалда біздің аруымызға төтеп берген жапондық Цукими Намикидің өте алғыр, қуатты, қолы қарулы спортшы екенін көрдік. Жайна таза өзінің асқан тәжірибесімен ғана ұтып кетті. Әйтпесе, жапон қызы жойқын. Біздің былғары қолғап киген қызымыздың жаттығу залында ерінбей тер төккені байқалып тұрды. Рингке дейін жүріп келуі, көзқарасы, қарсыласқа сес көрсете білуі, рингте аяқпен жұмыс істеуі барлығы келісіп тұр. Тек бір әттеген-айы, кейде сәл төменірек ұрса немесе сәл жоғарырақ сермесе соққысы дөп тиетіндей болып көрінетін сәттер болды. 3 минутта қажет десеңіз 3-4 тактикалық әдіс қолдануға болады. Қарсыластың қорғанысын бұзып-жарып соққы дарытып, оның айла-тәсілінің кілтін табу үшін, боксшыға ең алдымен асқан бай тәжірибе қажет.
Біздің аруларымыздың барлығы да талай халықаралық турнирлерде, ел біріншілігінде әбден ысылған тіс қаққан спортшылар.
Әйгерім Қасенаева (48 келі),
Жайна Шекербекова (51 келі),
Дина Жоламан (54 келі),
Назым Ищанова (57 келі),
Карина Ибрагимова (60 келі),
Милана Сафронова (64 келі),
Ақерке Бақытжан (69 келі),
Аида Оңдаш (75 келі),
Фариза Шолтай (81 келі),
Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары салмақ дәрежесі).
Қай-қайсының да өз жүріп өткен жолы бар. Мысалы, Карина Ибрагимова үшін бұл алғашқы Әлем чемпионаты болса, Ләззат Күнгейбаева мен Жайна Шекербекова жаһандық жарысқа екінші, тіпті, үшінші мәрте қатысып отыр. Бұл чемпионатта біздің қыздарымыздың атағы жер жарып тұрғандықтан, қазақ аруларына қарсы жекпе-жектерге өзге елдің боксшылары ақтық сынға көтерілгендей асқан дайындықпен шығып отырды.
Сонымен, биыл әйелдер құрамасы соңғы оқу-жаттығуын өткізу үшін тағы бір мәрте жиналады. Ал 2019 жылғы Әлем чемпионаты Ресейдің Улан-Удэ қаласында жалауын желбіретпек.
Фото – Данияр Майлыбаев