Үндістан Республикасының Нью-Дели қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында жартылай финалдық кездесулердің екінші күні жалғасуда
Бүгін алғашқы болып рингке көтерілген жерлесіміз Жайна Шекербекова (51кг) Жапония елінің өкілі Цукими Намикиді 5:0 есебімен ұтты. Өте тартысты өткен кездесуде отандасымыз намысты қолдан бермей, 3 раунд бойы қарқынын азайтқан жоқ. Жапон спортшысы шабуылын үдеткенімен, Жайна Шекербекова оның барлығынан сытылып шығып отырды. Техникалық тұрғыдан да анағұрлым сәтті өнер көрсетті. Алғашқы екі раундта жапон қызының соққылары аракідік дарығанымен, үшінші раундта бапкерлер нұсқауы өзгерсе керек, Жайна анағұрлым батылырақ қимылдады. Жерлесіміздің бір бас жоғары болғаны бірден байқалып тұрды. Енді ертең финал. Ақтық сында аруымыз Солтүстік Корея өкілі Чоль Ми Панмен кездеседі. Ол өз кезегінде АҚШ боксшысын ұтты.
- Қарсылас өте мықты. Биыл біздің елімізде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогында жеңімпаз атанған. Мен бұл турнирді жартылай финал кезеңінде аяқтаған болатынмын. Бұрын онымен кездеспеген едім. Бүгін алғаш рет жекпе-жек өткізіп тұрмын. Ұтқаныма қуаныштымын, - деді Жайна Шекербекова бізге берген сұқбатында.
Жайна Шекербекова 2010 жылғы Азия чемпионы, 2013-2014 жылдары қатарынан ҚР чемпионаттарының жеңімпазы атаған, 2016 жылғы Әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізген, бірнеше мәрте халықаралық дәрежедегі турнирлерде алтынан алқа тағынған өте тәжірибелі спортшы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Фото: Сергей ШТРАК