Ақтауда өткен бокстан ерлер арасындағы ел біріншілігінде бұрын көзге түсе қоймаған ақмолалық боксшы 56 келі салмақта финалға дейін жетіп айды аспанға бірақ шығарды
Жарыстың 4 күні жүріп жатты. Ақтау қаласының жаңадан бой көтерген 33 шағын ауданындағы «Маңғыстау Арена» көрермендерге лық толы. «Қызыл бұрышқа Ілияс Сүлейменов шақырылады. Астана қаласы. Ал көк бұрышқа шақырылатын боксшы Оразбек Асылқұлов. Ақмола облысы», - деп жүргізуші жуан дауысымен 56 келі салмақ дәрежесінде ширек финалда өнер көрсететін боксшыларымыздың есімін жариялады.
Ілияс Сүлейменов халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1990 жылы дүниеге келген өте тәжірибелі боксшы. ҚР Ұлттық құрама команданың мүшесі.
"20 жасар боксшы тіс қаққан Сүлейменовке қай бір қарсылық көрсетер" деген ойдың болғаны да жасырын емес.
Дегенмен, шын мықтыға тұсау жоқ демекші, Оразбек Асылқұлов 3 раунд бойы қарқынын жоғалтпай үнемі шабуылдаумен болды. Нәтижесінде 3:2 есебімен басым түсті.
Ал жартылай финалда тағы бір мықты боксшы Нұрбол Қалжановты ұтты.
- Мен финалға дейін жеткеніме өте қуаныштымын. Ұзақ дайындалдым. Әр қарсыласымды жақсы білемін. Барлығының жекпе-жектерін көріп шықтым. Өте тәжірибелі боксшылар. Мен бапкерлерімнің айтқандарын мүлтіксіз орындауымның арқасында ақтық сынға дейін келіп отырмын.
- Жартылай финалды жеңдің. Ертең финалда Қайрат Ерәлиевке төтеп бере аласың ба?
- Әрине Қайрат өте мықты. Әлем чемпионы. Оның бокстасу мәнері баршамызды тәнті етеді. Ол еліміздің мақтанышы. Маған ауыр болатынын ішім сезіп тұр. Бірақ барлығын ринг көрсетеді.
Финал болатын күні Оразбек Асылқұлов ұлттық құрама сапына кірді. Алтын медаль үшін болған жекпе-жекте 28 жастағы Әлем чемпионымыз, Түркістан облысының спортшысы Қайрат Ерәлиевтен аса алмады.
- Ұта алмадым. Сәті түспеді. Жеңіліп жатқанымды түсіндім. Дұрыс тактика таңдамадым деп ойлаймын. Қарсылас өте ыңғайсыз. Қайраттың тәжірибесі мол, - деп ағынан жарылған еді ақтық бәсекеден кейін.
- Бірақ өзің сияқты жас боксшыға финалға дейін жетудің өзі асқан бақыт. Біз сен үшін қуаныштымыз.
- Рақмет. Мен үшін де үлкен қуаныш. Биылғы чемпионатта жақсы тәлім алдым.
- Ұлттық құрамаға іліндің дегенді естігенде алдымен қандай ой келді?
- Қатты қуанып кеттім. Мен көп еңбек еттім. Бала күнімнен армандайтынмын. Жастар құрамасында жүрдім. Бірақ Әлем біріншілігіне бара алмадым. Енді міне, ұлттық құрамаға кіріп отырмын. Болашақта Әлем чемпионатына бару үшін барымды саламын.
Дерекөзі: http://vesti.kz/
Жігер Абенов