2017 жылы Гамбург қаласында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Қайрат Ерәлиев ел біріншілігіндегі алғашқы кездесуде жеңіске жетті.
Жеребеге сәйкес, оның қарсыласы Түркістан облысының өкілі, өзінің жерлесі Нариман Амантай болды.
- Кездесу барысын толық бақылауда ұстадым. Сондықтан жеңіп шықтым. Халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен анағұрлым қиын. Қарсыластар да ыңғайсыз болады, - дейді Қайрат Ерәлиев.
Енді ол келесі кездесуде өзінен 10 жас кіші 18 жастағы астаналық боксшы Нұрсұлтан Исахановпен бақ сынайды. Жалпы айта кететін жәйт, осы 56 келіде Азия ойындарының чемпионы елордалық Ілияс Сүлейменов, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген ақмолалық Нұрсұлтан Қосшығұлов сынды мықты боксшылар бар.