Ақтауда жалауын көтерген бокстан ерлер арасындағы ҚР чемпионатының екінші күнінде 33 кездесу өтті
Жекпе-жектер 52, 56, 64 және 81 келі салмақтарында жалғасты. Жарыстың екінші күні Азат Махметов пен Қуаныш Дүйсенбаевтың кездесуінен басталды. 2017 жылғы Ислам ойындарының чемпионы астаналық Азат жергілікті боксшыдан 5:0 есебімен басым түсті. Енді ол жартылай финалда Олжас Байниязовпен жүздеседі.
Алматы облысының саңлағы Әнуар Мұзапаров пен ақмолалық Тимур Қабдешев арасындағы жекпе-жек те қызық болды. Алайда, соңғысының жарақат алуына байланысты жеңіс Алматы облысының спортшысына бұйырды.
Қарағандылық Ақниет Балтабаев елордалық Қанат Сангилға есе жіберді.
56 келінің серкелері Айдос Арапов пен Нұрсұлтан Қосшығұлов жарыстың бастапқы кезеңінде-ақ кездесіп, ақмолалық тарлан 5:0 есебімен жеңді.
81 келідегі түркістандық Бек Нұрмағанбет қарсыласының жарақатына байланысты 5:0 ұтты. Енді ол ширек финалда қызылордалық Қуандық Жүсіпке қарсы тұрмақ.
Ақтаудағы бокстан ел біріншілігін «Qazsport» телеарнасы 12 қарашадан бастап күнде Астана уақыты бойынша 15:00 тікелей эфирден беріп жатыр.