Ақтауда жарыстың екінші күні басталды
Терезеңіздің алдында өсіп тұрған гүлді елестетіңізші. Суарып, баптап, түптеп, кажетінде қақтап, керегінде күннен сақтап тұру арқылы оны жайқалтып өсіресіз. Спортта да дәл солай. Талай тағдырлар тоғысқан орта. Әр спорттың өз жаны бар, тәні бар, мәні мен сәні бар, шарықтауы мен құлдилауы бар. Сол сияқты бокстың да әлемде, әр елде өз орны мен жайы бар. Жүріп өткен жолы бар. Мысалы, берісін айтқанның өзінде тәуелсіздік жылдары бокс еліміздегі нөмірі бірінші спорт болып басқа спорт түрлері ішінен озып шықты. 7 Олимпиада жеңімпазы мен ондаған жүлдегерлер, Әлем және Азия чемпиондары тәрбиеленді. Бұл кез-келген елдің маңдайына тие бермеген көрсеткіш. Дәл осы спорт түрінен Қазақ Елі дүниежүзінде ең мықты держава қатарына енеді. Куба, АҚШ, көрші Ресей мен Өзбекстан, Үндістан мемлекеттері облыстарымыз өткізіп жатқан халықаралық жарыстарға өз спортшыларын арнайы алып келіп жұдырықтастырады.
Ал Ақтаудағы 2018 жылғы ел біріншілігінің нәтижесі, мықты боксшылардың іріктелуі және құрама сапына енуі өте маңызды мәселе. Себебі, келер жылы Токио Олимпиадасына жолдамалар үлестірілетін жарыстар көп. Ақтауда жігіттеріміз 10 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 198 боксшы келген. Жекпе-жектер жергілікті уақыт бойынша 14:00 басталып 6-7 сағатқа дейін созылып жатыр. Өте тартысты да белсенді белдесулер өтуде. Құрама сапында өнер көрсетуге ұмтылған жас боксшылар осыған дейін әлемді мойындатып жүрген даңқты боксшыларымыздың сынағына түспек. Мысалы, Теміртас Жүсіпов, Қайрат Ерәлиев, Зәкір Сафиуллин, Бекдәулет Ибрагимов, Асыланбек Шымбергенов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левит секілді мақтаныштарымыз да ел біріншілігінде бақтарын сынайды.
Жарысқа қазылық етуге AIBA халықаралық бокс қауымдастығының 3 төрешісі арнайы келді.
Маңғыстау облысында тұңғыш рет жалауын көтерген бокстан республика біріншілігінің салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Ералы Тоғжанов келіп, қатысушылар мен аймақ тұрғындарын осы мерейлі оқиғамен құттықтады.
Маңғыстау облысы бойынша бокс федерациясының президенті Марат Орманов өз сөзінде жарыстың маңыздылығы мен ерекшелігіне тоқталды. «Спортшыларға қолдау көрстейік. Себебі, үздік өнер көрсеткен жастарымыз ұлттық құрамаға енеді. Олимпиадалық лицензия үшін күресетін жарыстарға қатысады. Маңғыстауда тұңғыш рет жалауын көтеріп отырған ел біріншілігінің Ақтау қаласы 55 жылдығымен орай келуі тарихи сәт», - деп атап өтті.
Бапкерлер кеңесі әр кездесуге мұқият қарап отыр. Ұлттық құрамаға енгендер тізімі 18 қараша күні мәлім болады.
«Барлық облыстар толық құрамда келген. Көбісі жалындаған жастар. 98,99,2000 жылғы спортшылар. Құрама сапы 30-40 пайызға жаңарады деп ойлап отырмыз», - дейді аға жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов.
Бокстан ерлер арасындағы ел чемпионатын «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. Басталуы Астана уақыты бойынша 15:00.
Фото: Данияр МАЙЛЫБАЕВ