91 жоғары салмақтағы саңлағымыз биыл тамаша жетістіктерге қол жеткізді
Спорт дегеніміз бірінші кезекте - тәртіп, екінші кезекте - тәртіп, үшінші кезекте тағы да – тәртіп. Сондықтан білек сыбанып, бел шешіп кіріскен істен қайыр болу үшін алған беттен қайтпай, өте сауатты жаттығу керек. Бапкерлермен тығыз қарым-қатынаста болып, мықты мамандардан дәріс алып, тәжірибесін молайтып отыратын спортшы ғана қазіргі таңда үлкен жетістіктерді бағындыра алады. Бір қуаныштысы алғыр да ақылды жастар өсіп келе жатыр. Көздері ашық, көкіректері ояу жас өрендеріміз халықаралық, әлемдік дәрежеде қай спорт түрінен болмасын жеңіс тұғырынан көрінуде.
Солардың бірі және бірегейі 91 жоғары салмақта өнер көрсетіп жүрген жас боксшымыз, Алатау бөктеріндегі әсем шаһар Алматының тумасы Дамир Тойбай.
Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен III Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын Қазақстанның Ұлттық құрамасын шығарып салу рәсімі Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен болатын. Сол кезде еліміздің туы Дамирге сеніп тапсырылған еді. Боксшымыз намысты қолдан бермей финалға дейін жетіп күміс жүлдеге ие болды. Енді, міне, олжалы оралған соң тағы да қоңырау соғып, телефон арқылы сұқбаттасудың реті келді
- Финалдық кездесу туралы не айтар едіңіз?
- Финалды тікелей эфирден көрген боларсыздар. Менің қарсыластан анағұрлым басым түскенімді барлығы айтып жатыр. Дегенмен, еңсемді түсірмек емеспін. Алда талай турнирлер бар. Сондықтан өзімізді әлі көрсетеміз деген ойдамын. Спортта өмірдегі сияқты барлығына дайын болу керек.
- Небәрі 3 мәрте жалауын көтеріп отырған жасөспірімдердің Олимпиада ойындарын Аргентина елі қалай өткізді?
- Барлығы көңілден шықты. Буэнос-Айрестегі күндер жүрегімізде мәңгі қалары сөзсіз. Қанша дегенмен, өзге континент, таңсық климат, суы мен ауасы басқа дегендей. Сондықтан ертерек келгеніміз дұрыс болған. Неге десеңіз адам ағзасы кемінде 3 күн жергілікті жерге бейімделуі керек. Әлемнің әр түкпірінен келген спортшыларды көріп адамның шабыты келеді, жеңіске деген ынта-ықыласың артады.
- Қанша жылдан бері бокспен айналысасың? Оқырмандарымызға отбасың туралы айта кетсең?
- Бокспен 9 жасымнан бастап айналысамын. Үйде үш баланың үлкенімін. 2000 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Алғаш рет бокс үйірмесіне анам жетектеп апарды. Тастап кетпей тапжылмай жаттыққанымның арқасында Қазақстан чемпионы болдым. Кейін Азия ойындарында жеңімпаз атандым. Биыл Будапешт қаласында Әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткіздім.
- Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдаманы қалай алдың?
- Осы соңғы Азия чемпионатында финалға шығып жеңімпаз болуымның арқасында Аргентинаға жолдама алып отырмын. Бапкерлер 6 баланың ішінен тек 3 таңдады.
- Қай қарсыласың мықты болды?
- Ешкімді бөліп жара алмаймын. Барлығы да мықты. Себебі, әрбір мемлекет жарысқа өз серкелерін алып келеді.Әр кездесуге, әр қарсыласқа тыңғылықты әзірлік жүргіздім.
- Биылғы жоспарың қандай?
- Аға бапкермен ақылдаса келе әзірге тынығудамын. Жалпы биыл жыл соңына дейін ешқандай турнирлерге қатыспаймын. Тек келер жылдан бастап рингке ораламын. Мақсатым ересектер арасындағы ұлттық құрама сапына іліну және Токио Олимпиадасына жолдама алу.
- Рақмет. Демалысыңыз ойдағыдай өтіп, толағай жетістіктер мол болсын
Фото: Данияр Майлыбаев; пресс-служба НОК Казахстана