Бокстан ҚР жастар құрамасының мүшесі Дамир Тойбай КБФ сайтына сұхбат берді
Бүгін Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында болатын III Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын еліміздің спорттық делегациясын ресми шығарып салу рәсімі өтті. Салатанатты жиынға Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының Бас директоры Елдос Рамазанов, Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің Спорт дирекциясы директоры Елсияр Қанағатов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков және тағы басқалар қатысты.
- Дамир! Қанша жылдан бері бокспен айналысасың? Өзіңді оқырмандарымызға таныстыра кетсең?
Бокспен 9 жасымнан бастап айналысамын. Үйде үш баланың үлкенімін. 2000 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Алғаш рет бокс үйірмесіне анам жетектеп апарды. Тастап кетпей тапжылмай жаттыққанымның арқасында Қазақстан чемпионы болдым. Кейін Азия ойындарында жеңімпаз атандым. Биыл Будапешт қаласында Әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткіздім.
- Аргентинада болатын жастар олимпиадасына жолдаманы қалай алдың?
Осы соңғы Азия чемпионатында финалға шығып жеңімпаз болуымның арқасында Аргентинаға жолдама алып отырмын. Бапкерлер 6 баланың ішінен тек 3 таңдады. Енді жаттықтырушылардың сенімін ақтаймыз деп ойлаймын.
- Көбіне осындай жарыстарға аттанғанда өзіңмен бірге дәстүрлі түрде тастамай алып баратын затың бар ма?
Шет елге жарысқа аттанарда өзіммен бірге қазы пісіріп алып жүремін. Өйткені, шет мемлекетте жүріп үйдің тамағын аңсайсың. Жылқы еті адамға күш береді, бойыңдағы қуатыңды молайтады және ең бастысы салмақ қоспайды.
- Қай елдің өкілдерін мықты қарсылас санайсың?
Ешкімді бөліп жара алмаймын. Барлығы да мықты. Әр кездесуге, әр қарсыласқа тыңғылықты әзірлік жүргіземіз. Соңғы Әлем чемпионатының финалында ресейлік боксшымен шықтым. Өзімді жеңілдім деп айта алмаймын.
- Қазір дайындығың қалай?
Аға жаттықтырушымыз жақсы дайындады. Маңызды ақыл-кеңестер беріп, әдіс-тәсілдерді үйретті. 100 пайыз дайынмын деп айта аламын.
- Олимпиадада еліміздің жалауын алып жүру өзіңе бұйырды? Күтпеген шығарсың?
Шынымен де мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан жарыста барымды саламын. Мақсат алтын алу. Ең басты жоспарым осы.
- Рақмет! Сәт сапар тілейміз!
Фото: Сергей Штрак